Оның арманы асқақ еді. Анасы да қызын тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң қасына алып, білімін колледжде жалғастыруын ойластырып жүрген екен. Қатарынан қалдырмай, бетінен қақпай өсірген ата-әжесі де сүйікті немеренің тілеуін тілеп, үлкен үміт артты. Әттең...
Өткенде Түркістан облысы Төрткөл ауылының тұрғындары кісі қолынан қаза тапты делінген Аружан Орынбаеваны соңғы сапарға шығарып салды. Өрімдей қыздың өлі денесі ауылдағы канал бойындағы жасанды бөгеттен табылды. Туыстарының айтуынша, оқиға үй артындағы канал маңында орын алған. Қас қарая телефонмен сөйлесіп жүрген қыздың бейнесі сол маңайдағы камераға түсіп қалған. Кейіннен объективін өрмекшінің ауы торлап, көрінбей қалыпты. Әжесі Құрманкүл Салқынбекова үйдің іргесіндегі арықтың маңы әбден қан болғанын, күдіктілер қылмысын жасыру үшін қызды суға тастағанын айтады.
Қайғылы оқиға мектеп ұжымын да ойға қалдырып отыр. Мұғалімдер қаза тапқан қыздың да, оны өлтірді деп айыпталып отырған сол мектепте оқитын ұлдың да оғаш әрекеті мен өзара керіскенін көрмегендерін, күдіктінің жуас болғанын айтады. «Ол баланың бойынан ешқандай аутодеструктивті мінез-құлық табылмаған. Сауалдама қорытындысы бойынша ол өзі сәл қорқақтау бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық», дейді Төрткүл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қанат Қоспанов. Ал Аружанның туыстары тергеу әділ жүргізілгенін, өрімдей қызды өлтіргендер заң жүзінде тиісті жазасын алғанын қалайды. Күдіктілер жазадан жалтарып кете ме деп қорқатынын да жасырмайды. Себебі ұсталғандардың бірі экс-әкімнің ұлы екен.
Соңғы кездері жасөспірімдер арасында жиілеген әлімжеттік, буллинг, кемсіту, тіпті соңы ауыр қылмыспен аяқталып жатқан оқиғалар көпшілікті алаңдатып отырғаны анық.
Түркістан облысы