• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Экология 25 Сәуір, 2023

Талдықорған – таза қала

482 рет
көрсетілді

Ел ішінде «Талдықорған – таза қала» деген ұғым бар. Табиғаты көркем мекенді солай айтса да жарасады. Әйтсе де, қоғам әртүрлі, бәрі бірдей өмір сүрмейді. Адам жүрген жерде қоқыстың да қоса ілесері анық, бірақ, оны арнайы жәшікке салуға ерінетіндерді қай­те­сіз. Осыны ескерген эко­бел­сенділер сенбі­лік ұйым­дас­тырып, тұр­ғын­­дарды шаһарды таза ұс­тау­ға ша­қырды.

Бүлінгенді қалпына келтіру, бардың бағасын асыру, қоғамды өркендету мен қалалықтардың жайлы тұрмысын жақсарту – жас­тарды елжандылыққа тәрбиелеу үшін керек дүние. Талдықорған қаласы, Гауһар ана көшесі 110 мекен­жайында орналасқан «Жас техниктер стансасы» деп ата­лып келген нысанда өткен рес­пуб­ликалық экосенбілікте осы ұғым­ның маңызына тағы да бір мәрте көз жеткіздік.

Аталған шараны «KazEco Patrol» РҚБ ұйымдастырып, оның жоғары деңгейде өтуіне Тал­дықорған қалалық әкімдігі, қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, «Алтын Адам» Жетісу шеберлер» орта­лы­ғы және Оқушылар сарайы мекемесінің қызметкерлері мен экоеріктілер атсалысты. Жалпы, сен­білікке 100-ден аса адам қа­тыс­ты.

Айта кетерлігі, аталған нысан қаланың орталығында орна­лас­қанымен, 36 жылдан бері қа­рау­­сыз қалғандықтан, шөп ба­сып, қоқыс үйіліп, ағаштары қу­рап, жылыжайлардың қаңқасы қау­­сап, сұрқы қашып кеткен екен. Қысқасы, 1970 жылдары іргесі қаланып, сол тұстағы экологияға қызығатын жастардың жиі келетін жеріне айналған стан­саның бүгінгі жағдайы аянышты. Сол кезде осы ортадан болашақ арманын ұштағандардың бірі бүгінде «Алтын Адам» Жетісу шеберлері» орталығының директоры, ұлттық өнер мен экология­лық мәселелерге жіті назар аударып, туризм саласын өркендетуге бастамашы болып жүрген Динара Бакирова осыдан 40 жыл бұрын өзі куә болған жағдайлармен бө­ліс­ті.

– Бастауыш сыныпта оқып жүр­генде бұл стансаға жиі келе­тінбіз. Ол кезде аумақта неше түр­лі ағаш өсіп, сан түрлі гүл жай­қалып тұратын. Жылы­жай­лар­да өсімдіктің сан түрі өсіп, балалардың қызығушылығын арттыратын. Кейін Талдықорған облысы Алматы облысына қосылған кезде бұл жер қарау­сыз қалып, мүлкі тоналып, ке­зін­­дегі бар көркемдік көзден бұл­бұл ұшты. Қазір көрсеңіз, қо­қыс алаңына айналып қалды дерсің. Бұл сенбілік «KazEco Patrol» қозғалысының облыстық филиалының ашылуына тұспа-тұс қолға алынды. Мақсатымыз – бұл нысанды қайта жаңғырту ғана емес, сонымен қатар балаларды қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатыса алатындай этно­ауыл ұйымдастыру, – деп атап өтті Динара Серікқызы.

Сенбілікке арнайы келіп қатыс­қан «KazEcoPatrol» РҚБ жетек­шісі Тимур Елеусізов атал­ған шараның өтуіне және бо­ла­шақ­тық маңызы бар бастаманы қолдаған облыс басшылары мен қала әкімдігіне ал­ғысын білдірді. Сондай-ақ алда­ғы уақытта да бірлесе жұмыс атқа­руға дайын екенін жеткізді.

Аумақты тазарту жұмысын қала әкімдігі белсенді қолдап, жұмысшылар мен арнайы техниканы да бөлді. Тракторлар, бульдозер және бірнеше «КамАЗ» және тәжірибелі жұмысшылар күні бойы еріктілермен бірге жұмыс атқарды.

– Бұл нысан бүгінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шы­лығы бөлімінің меншігінде тұр. Енді мұны «Талдықорған көркейту» мекемесінің құзырына тапсырамыз. Алдымен осы нысанды тазалап, күл-қоқысы шыға­ры­лып, қураған ағаштар кесіліп, аула реттелген соң ағымды жөн­деу жұмысы жүргізіледі. Сол қатарда түрлі ағаш көшеті отыр­ғызылып, гүл егіледі. Қазір 10 штат ашылып, қызметкерлер алынды. Ағаш көшеті мен гүл қыстай осында бапталып, көк­темде қаланың әр жеріне отыр­ғы­зылады. Оны күтіп-баптау, өсіру жұмысына қаладағы эколо­гия­лық бағытта жұмыс істейтін қоғамдық бірлестік мүшелері мен жас экоеріктілерді тартып, олардың тәжірибе жинауына да көмектесеміз, – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Дияс Ахметқалиев.

Акцияға қалалық Оқушылар сарайының балалары да қатысты.

– Бұл шара жас экоеріктілердің қоршаған ортаға деген түсінігін тереңдету үшін өте маңызды. Өйткені жастар өздері жасаған ортаны аялауды, қорғауды бүгіннен бастап үйрегені дұрыс. Оқушылар сарайының оқушылары алдағы уақытта да осындай шараларға белсене қатысады, – дейді Оқу­шы­­лар сарайының әдіскері Меруерт Мұратқызы.

Бір күнде жалпы 80 тонна түр­лі қатты қалдық пен қоқыс жиналды. Енді қоқыстан тазаланған жерде келесі кезекте атқарылатын жұмыстар басталмақ.

 

Жетісу облысы