Алматы облысында халық саны 1,5 млн болса, соның ішінде жұмыссыз жүргендер 4,8 пайызды құрайды. Өңірде, әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық белең алуда. Олардың пайыздық көрсеткіштері – 3,9. Ал жоғары білім алмаған, сондай-ақ еш жерде жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастардың үлесі 7,3 пайызға жетіп отыр. Бұл, өкінішке қарай, республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Аймақтағы жұмыссыздықпен күрес қарқынды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие беру ісі жолға қойылды. Аталған қолдауға облыстағы 21-35 жас аралығындағы тұрғындар ие бола алады. Осыған орай, өңірде 375 жас шағын несие алмақ ниетте.
Түрлі бағыттағы бизнес бастау үшін 5 млн теңге көлемінде несие беріледі. Басты шарт, кепілге қоятын мүлік болуға тиіс. Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметованың айтуынша, несиеге 41 адам өтінім берген, олардың 35-нің құжаттары мақұлданған. Қалған жастардың кепілдік құжаттары талапқа сай болмай шыққан. Сонымен қатар басқарма басшысы шағын несие рәсімдеуде жастардың белсенділігі төмен екенін алға тартты.
«Өкінішке қарай, бізде жастардың белсенділігі төмен. Бұл насихат жұмыстарының баяу жүруімен де байланысты шығар. Қазіргі таңда біз бөлінген 2 млрд теңге қаражатты 375 адамға несие ретінде беруді жоспарлап отырмыз. Егер де, өтінім беруші жастар саны артып жатса, Үкіметтен қосымша қаржы сұраймыз», дейді облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшысы Айгүл Ахметова.
Алматы облысы