Отандық өнерпаздар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Италияда өткен беделді «Italy 2023» музыкалық байқауының гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Дүние жүзін кезекті рет мойындатқан домбырашылар дуэтінің мүшелері Темірлан мен Ернат Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының солистері екенін еске сала кетейік.
– Италиядағы беделді байқауға Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бардық. Жыл сайын Песаро қаласында өтетін іс-шараға биыл 24 елдің өнерпаздары қатысты. Әлем көз тіккен байқауда үздік атанғанымызға қуаныштымыз, – дейді Темірлан Олжабай.
Домбырашылар дуэті «Адай», «Көроғлы», «Әлқисса» күйлерін, О.Сүлейменовтің «West» шығармасын орындап, қазылар алқасы мен көрермендерді баурап алған.
– Темірлан мен Ернатты жарқын жеңісімен құттықтаймын. Жігіттердің қазақ музыкасын орындай отырып, халықаралық деңгейде жетістікке жеткені қуантады. Олардың өнері басқа талантты отандастарымызды шабыттандыратынына сенімдімін, – дейді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Айтпақшы, домбырашылар дуэті осы жылдың 18 маусымында Астанада алғашқы шығармашылық кешін өткізеді. Оған кеш қонақтары ретінде Amre, Қазыбек Құрайыш секілді өнер жұлдыздары да қатысады деп күтіліп отыр.