Президент тапсырмасымен Алматы облысына арнайы барған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният іссапарын алдымен Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласындағы көпбейінді аурухананың тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Бұл орталықта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңіріне мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) бойынша әлемдегі алғашқы демонстрациялық алаң ашылған болатын. Содан бері бұл жаңашылдық төңірегінде төрткүл дүниеден делегациялар келіп, өзара пікір алмасулар өткізуді дәстүрге айналдырған.
Аталған ауруханада осы күні Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқа жұмысы ұйымдастырылды. Оған қатысушылар өңірлерге трансляциялау мақсатында аталған аурухана базасындағы алғашқы медициналық көмек көрсетудің озық тәжірибесін зерделеді.
Бұдан кейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыс орталығы – Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде облыс халқымен және азаматтық сектормен кездесу өткізді. Кездесуде денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағыттарын, атап айтқанда, медициналық-санитарлық алғашқы қызмет (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қамтуды кеңейту, ауылдық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша баяндады.
– Біз Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде, ел бойынша денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Алматы облысындағы көрсеткіштерге келер болсақ, халықтың жалпы өлімі 13 пайызға төмендеді. Сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлімнің көрсеткіші – 26 пайызға, обыр – 5 пайызға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім – 43 пайызға, ал туберкулезден болатын өлім 25 пайызға төмендеді, – деді министр.
Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өткен жылы 107 МСАК нысаны пайдалануға берілді. Алматы облысында 17 жылжымалы медициналық кешен 289 мың ауыл тұрғынын қамтыды.
Осы жылы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде елімізде 655 МСАК нысанының құрылысы қарқын алатын болса, соның 38-і Алматы облысына тиесілі.
Инсульт, инфаркт, жарақат және басқа жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсетудің жеделдігі мен қағидатын ұстана отырып, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен, оның ішінде 32 ауданаралық емхананың телемедицинасымен реконструкциялау және жарақтандыру қамтамасыз етіледі. Бұл пациенттерді қажетті медициналық тексеру мен ем алу үшін қалаларға бару қажеттілігінен арылтады. Осы мақсатта Алматы облысында, атап айтқанда, Қарасай ауданында екі ауданаралық орталық аурухана құру жоспарланған.
Азаматтарды қабылдауда сала басшысына дәріхананың бөлшек-сауда желісіндегі бағаларды реттеу және дәрілік нарықты бақылау, МӘМС жүйесі есебінен зейнеткерлерге стоматологиялық көмек алу мүмкіндігі туралы бірқатар өтініш жіберілді.
Осы жолғы елмен жүздесуінде Денсаулық министрі өңір тұрғындарының әрбір өтінішіне толық түсініктеме беріп, ведомствоның бейінді департаменттеріне шешімдерді пысықтауды тапсырды.
Алматы облысы