Ауыл шаруашылығы министрлігі сәуірден алты ай мерзімге дейін ел аумағына сырттың бидайын автокөлікпен әкелуге тыйым салғаны белгілі. Алайда соған қарамастан шекараның арғы бетінен астыртын бидай алып өтпек болған жүк көліктерінің легі толастамай тұр.
Мәселен, 21 сәуірде шекарашылар мен мемлекеттік кіріс департаментінің мамандары «Қайрақ» шекара бекетінен арпаның астына бидай жасырып өтпек болған екі жүк көлігін ұстады. Ұсталған жүк көліктеріне 60 тоннадан астам бидай тиелген. «Тауардың ілеспе құжатында автокөліктер арпа алып келе жатыр деп ресімделген. Алайда жүкті піспек құралмен тексеру барысында тіркемедегі тауардың беті жұқалап арпамен жабылған бидай екені анықталды. Мемлекеттік шекарадағы көлеңкелі тауар айналымын анықтап, жолын кесу жұмыстары тұрақты жүргізіледі және алдағы уақытта күшейтіле түседі», деп хабарлады облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің баспасөз қызметі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанайдағы облыстық департаменті 24 сәуірде Ресей Федерациясынан автомобиль транспортымен астыртын астық тасумен айналысып келген қылмыстық топты қолға түсіргенін мәлімдеді. Аталған топ 2021-2022 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасына Ресейден заңсыз әкелінген 4,8 мың тонна астықты экспорттап жіберген. Сырттан әкеп, сыртқа сатқан әккілердің сауда айналымындағы тауардың құны 500 млн теңгеден асып жығылады. Шекарадан саңылау тапқан қылмыстық топ астық экспорттау кезінде халықаралық транзиттік тарифті төлемеу үшін отандық шаруа қожалықтарының жалған шот-фактураларын пайдаланып отырған. Яғни Ресейдің арзан бидайын қазақтың сапасы жоғары сары бидайы деп көрсетіп, көлемі 88 млн теңгеге жуық транзиттік тарифтен жалтарып кеткен. «Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Конституцияның 77-бабына және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабының 1-бөліміне сәйкес қылмысы дәлелденіп, сот үкімімен жаза тағайындалмайынша, күдіктілер кінәсіз деп есептелінеді», деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Өткен жылы бір тоннасының құны 170-185 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен бидай бағасы биыл 80-85 мың теңгеге дейін құлдырап, 18 сәуірде әупірімдеп барып 91 мың теңгеге келіп тұрақтаған. Осының салдарынан былтыр аста-төк өнім алғанымен, бағаға көңілі толмаған бірқатар жергілікті шаруашылық әлі күнге дейін бидайын өткізбей, қамбада сақтап отыр.
«Қостанайдың бидайын әлі ешбір диірмен дұрыс бағаға сатып алып жатқан жоқ. Осы күнге дейін кілең Ресейдің бидайын алып келді. Өйткені оның сапасы төмен болғанымен, құны арзан. Тіршілік үшін өткізіп жатқандар бар шығар, біз өзіміз былтырғы бидайымызды әлі сақтап отырмыз. Өйткені лайықты баға жоқ. Біздің диірменшілерге де керегі – арзан бидай. Олар елдің азық-түлік қауіпсіздігі деген мәселеге көп бас қатыра қоймайды. Ресейдің бидайын Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан асырып, оңай олжаға кенелгеніне мәз», дейді тәжірибелі диқан Ыбыраш Естаев.
Әйтеуір шекаралас елдерден кейінгі жылдары кіріп кеткен бидайдың контрабандалық импорты отандық астық нарығын едәуір шығынға ұшыратқаны анық. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, келтірген мәлімет бойынша, заңсыз импорт көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетеді. Салдарынан мемлекетке жыл сайын 500 млн доллар шамасында шығын келіп отыр.
Қостанай облысы