Астанада бес күнге жалғасып, апта соңында аяқталған «Eurasian Book Fair-2023» Еуразия кітап көрме-жәрмеңкесі елімізде қаншама жылдан бері айтылып келе жатқан «қазір ешкім кітап оқымайды» деген дәйексіз сөздің сеңін бұзды. Мұнда кітап саудасы ғана емес, қазақ мәдениеті мен руханиятында қордаланып қалған мәселелердің шеті қылтиып, көптеген сұрақтың жауабы табылды. «Фолиант» баспасы осымен алтыншы рет ұйымдастырып отырған рух тойына пара-пар кітап көрмесіне мемлекеттік деңгейде мән беріліп, кең ауқым алғаны көңіл көншітті. Бірақ айтарымыз басқа.
Оқығанда қандай!
Біз айналамызға, көшедегі елдің пікіріне қарап, бір-бірімізден естіп алып «қазіргі жастар кітап оқымайды» дейміз. Мүлде олай емес. Кітап оқып, зерттеушілікпен шұғылданатын адам көшеде жүреді дегенге кім сенеді? Және ондай жанда бос уақыт бола ма өзі? Оқитын, айналаға бейжай қарамайтын жастардың басым көпшілігі осындай кітап жәрмеңкесі сынды пайдалы, ақыл-білім сататын жерге топталады екен-ау дестік. Бұл пікірді жалғыз біз емес, біршама тұлға әлеуметтік желілерде бөлісіп те жатыр. Кітап көрмесінде үш күн жүргенде кітап қарауға мұрша бермей, кәдімгідей самсап кезекте тұрғандар қарасы үзілмеді. Бір ғана мысал, іс-шара басталған күннің ертесіне ақын Баянғали Әлімжанның балаларға арналған «400 тәтті тақпақ» кітабының тұсауы кесілді, іле-шала аталған кітап тұрған «Фолиант» баспасы дүкенінің сатушыларына «қалай өтіп жатыр?» десем, «өте жақсы өтіп жатыр» деді.
«Осы уақытқа дейін қанша данасы өткенін тап басып айта аласыз ба?» деп едім, «жоқ, әзірге оны айту мүмкін емес, бірақ міне, қазірдің өзінде екі жәшігі кетті», деп басқа тұтынушыларға бұрылды. Маған қиятын уақыты жоқ сатушының. Сіз «е-е, ол балалар әдебиеті болған соң солай ғой» деуіңіз мүмкін. «Фолиант» баспасының отандық және әлемдік көркем әдебиеттер сатып тұрған тұсына қайырылсақ, тағы сол жағдай. Қаптаған кісі, топырлап кезек күткендер және бұл ұзыннан ұзақ кезекте тұрғандар аталған баспада ғана емес, бір бұрыштағы «Qasym», «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы» кітап дүкендеріне бар, бәрінде самсаған кітап, қаптаған кезек күтушілер. Бастапқыдай емес, төртінші күні ел аяғы басылар деп ойлап едік. Ол күні келсек, кезек тіптен артыпты. Дәл осы күні ақын Ұларбек Дәлей Facebook парақшасына былай деп жазды: «Отбасы хрестоматиясы» баспасындағы кезекте тұрып, біраз кітап сатып алдық. Мұндағы кітаптар «пирәшки» сияқты өтіп жатыр ғой, сатушылар үлгермейді, тіпті.
«Мазмұндама» мен «Қасым» баспасында да топырлаған халық. Ол жерден де ондаған кітапты қоржынға бастық».
Осындай пікір жариялаған лауазымды тұлғалар да болды. «Кітап «пирәшки» сияқты өтіп жатыр» деген соң жеткілікті шығар. Бір анық нәрсе, «жастар кітап оқымайды», деген сөз – судай өтірік. Қазақ жастары кітап оқымаса, іргелі білімге ұмтылмаса, халықаралық, әлемдік жобаларда топ жарған жастар, зияткер ұрпақ қайдан шығып жатыр екен? Тәуелсіздіктің алғашқы ширегінде аздап қожыраған кез болған шығар, қазіргі буын мен оларды салыстыруға келмейді. Бәсеке заманы келе жатқанын түсінген білімді жастар аз емес. Оның бәрі интернеттен емес, кітапханадан өсіп шығып жатыр немесе қазіргі интернет кітап дүкендері арқылы «көрінбей барып алатын» тұрғындар арасынан.
Танымал тауар тез өтеді
Байқадыңыз ба, біз жоғарыда атаған баспа дүкендері бертінгі брендтер. Баяғы «Жазушы» немесе «Жалын» баспасы емес. Оларды жоққа шығару ойымызда жоқ. Мемлекеттік баспалар оқырманға қызмет етіп келеді және қызмет ете береді. Ал біз атағандар нарық заманы тудырған жекеменшік баспалар екенін айтқымыз келеді. Олар бірінші кітаптың сапасына, безендірілуіне мән береді. Нарықты зерттейді. Сұраныс бар ма? Ел не оқуы мүмкін. Сосын жарнамасын өкіртеді. Мың ойланып, жүз толғанып, қазір жарнамасыз алға басу жоқ (қай заманнан солай болған, негізі). Қазақшалағанда, үйдегі қызыл сиырдың бұзауын тығып тастап, желіні сыздағанда ауыл шетіне қоя берсе, ол ауылды басына көтеріп азынамай ма? Сосын ауылдың қай тұсынан жіберсең де төлі енесін дауысынан іздеп табары анық. Сол сияқты, «Қасым», «Мазмұндама», тағы басқа баспалардай сүп-сүйкімді етіп шығарған кітаптарыңның жарнамасын жақсылап жасай біл. Ғаламтор арқылы сатып, тегін жеткізуді ұйымдастыра алсаң, керек кітабын ел үйде жатып-ақ интернетпен сатып алады қазір.
Мәселен, кітап көрмесінде нарықтағы кітап саудасына қатысты ойымен бөліскен «Мазмұндама» қоғамдық қорының төрағасы, баспагер Шыңғыс Мұқан қазіргі жастар танымдық әдебиетті көп оқитынын айтады. «Сонымен қатар психологиялық дүниелерді, өзін-өзі дамытатын, мотивация беретін әдебиеттерді де оқиды. Оған себеп, бүгінде психолог тәлімгерлер көп. Инстаграмдарында миллиондаған оқырман бар. Олар тренингтерінде «осындай автордың мынадай кітабын оқысаңыздар» деп ұсынады. Мәселен, әлемде 50 миллион тиражы сатылып, ең көп тараған Луиза Хейдің кітабын бұдан бірнеше жыл бұрын қазақ тіліне аударып, сата бастадық. Әлі күнге ең көп өтетін ондықтан түспей келеді. Мұндай психологиялық еңбектер «ұшып» тұр.
Қазір жазушы болудың алғышарттары өзгерді. Ол әуелі кітабын емес, өзін өткізе білуі керек. Осы жақында Перизат Мырзахмет деген блогер, сценарист қыздың «Өмірдің аты М» атты шағын кітабы шықты. Бір күнде 200 данадан өтіп тұрды. Жазушының танымалдығы рөл ойнайды және ол әлеуметтік желіге көп байланысты. Желіде танымалдылардың кітаптары өтімдірек» дейді.
Осы «Мазмұндама» баспасы жуырда «Тармақтар» атты кітап шығарыпты. Аты кітап, бірақ әр бетте бір өлеңнің сәтті туған жалғыз жолы ғана орналастырылған. Сол жолдың астында QR код бар. Соны телефонға түсірсеңіз, ол оқырманды Youtube-тан бір-ақ шығарады да, онда өлең толығымен әдемі фон арқылы оқылады. Кітапты телефонсыз оқи алмайсыз.
Бұл «Тармақтар» бастапқыда қазақ поэзиясынан қысқа-қысқа үзінділер жарияланатын Инстаграм аккаунты ретінде ашылып, кейін жазылушылар саны 30 мыңдап артқан соң, әлгіндей жобаға ұласқан. Сол «Тармақтардың» 2000 данасы екі айға жетпей өтіп кеткен.
Бірақ үзіндімен ғана шектелгенді кітап оқығанға санай аламыз ба деген сұрақ туады. Ол жағы енді басқа әңгіме.
Бәсекеге төтеп берген баспагерлер
Осыдан шамамен 7-8 жыл бұрын кітап дүкендерінде қазақша кітап көп кездесе бермейтін. Кездессе де өңкей ескілері, жаңалары бірен-саран болатын. Қазір де дүкендерде қазақша кітап көп емес, алайда бар. Іздеген кітаптарыңызды дүкендер былай тұрсын, интернет дүкендерден, Каспи банк қосымшасынан да сатып ала аласыз. Бұл орайда Шыңғыс Мұқанның мына пікірі көңілге қонды. «Осыдан біраз жыл бұрын бізге 3000 қазақша кітап керек деген тапсырыс түсті. Іздестіре келгенде нарықтан қазақ тілінде шыққан 700 атау кітапты әрең таптық. Бұрын шыққан кітаптар кітапханаларда бар, бірақ нарықта жоқ. Кітапханадағы дүние мен нарықтағы, яғни кітап дүкеніндегі кітапты шатыстырмау керек. Нарық үшін кітап дүкені өте маңызды. Біз 700 кітапты әрең таптық, ал бір кітап дүкенін ашу үшін 3000 кітап керек. Тек қана қазақша кітап дүкенін ашам деу – далбаса. Себебі нарықта 3000 атау кітап жоқ. 700 кітапты тапқан соң, тапсырыс берушілер «бізге кілең қатты мұқабамен керек» деді. Жаңағы 700 кітап сонда қаққа бөлінді. Сөйтіп, қазақ тілінде қатты мұқабамен шыққан 350 кітапты әрең таптық.
Бұл қазақ тілінде кітап жоқ деген сөз емес. Шет тілден аударылғаны, отандық туындылар – бәрі кітапханаларда. Кітап дүкендерінде жоқ. Неге? Себебі кітап дүкенінде кітапты ұстап отыру – өте қиын іс. Мәселен, бір кітап шығаруға сіз 1 миллион теңге ақша саласыз. Оны қайтып алуға сізге 1 жыл уақыт қажет. 1 жылда 1000 дана кітап өтеді. Енді осы соманы нан өндіруге салсаңыз, ақшаңызды әрі кетсе үш-төрт күнде шығарып аласыз. Сондықтан инвестиция ретінде баспа ісі аса тиімді бола бермейді. Ақша айналымы өте баяу. Демек, кітап шығарып, ол өткенше қоймада сақтап отыру үшін қыруар қаржы керек. Жылдам өтсе бір сәрі. Шекспирдің мың данасы 3 жылда өтуі мүмкін кейде. Кітап нарығы осындай нарық» дейді баспагер.
Бұдан шығатын қорытынды не? «Фолиант» бастаған баспа ісімен айналушылар нарыққа оңай келе салған жоқ. Әуелі адам ішер тамақ, киер киім, тұрар үй іздейді. Одан кейін барып ақыл, ар ілімі қатталған кітапқа көзін сала ма, жоқ па? Жүз адамның жиырмасы оқуы мүмкін. Елуі болса тіптен керемет. Бірақ халықаралық кітап көрмесі күндері өнер-білім «сатып алудың» кезегінде топырлап тұрған қазақ жастарын көргенде, бір көтеріліп қалдық. Бір жағынан оқырман қалыптастыруда нарықтық бәсекеге төтеп беріп отырған баспагерлердің еңбегі ерен. Мысалы, бұрын тек өзге тілдер әдебиетінен тұратын «Меломан» кітап дүкеніндегі қазіргі қазақша кітаптарға көз тояды. Көбі «Қасым» баспасының өнімі. Бұл – бүгінгі баспагерлердің ерлігі. Сол ерлік үзілмей, ұзағынан болсын!