Желіде Алматы орталығында жастардың жаппай төбелесінің видеосы тарады. Полицейлер оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан бірнеше жас жігіттің бір бірін қалай ұрып-соққанын көруге болады. Белгілі болғандай, төбелес «Мега» сауда орталығының аумағында болған.
Алматы полиция департаментіне 28 сәуір күні 00:00-де Розыбакиев пен Есқараев көшелерінің қиылысында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына полицияның патрульдік қызметкерлері жіберілді. Олар құқық бұзушылықты тоқтатып, оқиғаға қатысушылардың барлығын ұстады. Жастар Бостандық ауданының полиция бөліміне жеткізілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Төбелеске қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі.