Әрдайым тың форма мен тосын шешімдерді қойылымдарына өзек еткен «Астана Опера» театрының ұжымы жақында тағы бір тамаша туындының тұсауын кеспек. 13 және 14 мамыр күндері Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына қойылған Иржи Килианның «Кішкентай өлім» атты танымал бір актілі балеті тұңғыш рет Қазақстанда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында көрерменге жол тартады.
Балет әлемінде Иржи Килианды хореография кемеңгері деп атайды. Оның спектакльдерін қою – кез келген театр үшін абырой болса, ал балет труппасы үшін – үлкен шеберлік мектебі. Демек, көрнекті еуропалық хореографтың классикалық қимыл-қозғалыстың жоғары стандарттарына сай қойылған үздік жұмысы махаббат туралы үздік қойылым ғана емес, театр репертуары үшін де зор табыс екені даусыз. Әлемдік балет жұлдызы, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен қойылған хореографиялық ғаламат туынды балетсүйер қауым үшін тамаша тарту болары анық.
– Мен «Астана Операда» классикадан бастап неоклассикаға дейін балет тарихында болған үздік шығармаларды көрсеткім келеді. Балетте біртұтас бағыттың негізін қалаған Иржи Килиан өз дәуірінің ең кемеңгер хореографы саналады. Заманымыздың балетмейстерлерінің жаңа саңлақтар тобы дәл содан басталады. Мен осыған дейін театрымызда Иржи Килианның қойылымдары көрсетілсе екен деп армандайтынмын. Оның ойлы балеттері көп, әйтсе де ең танымалдары – «Алты би» мен «Кішкентай өлім». Арманым орындалып, «Алты биін» былтыр театрымыздың сахнасында қойдық, енді міне, репертуарымыз «Кішкентай өліммен» толықпақ. Бұлар «ақ-қара түсті» балеттер топтамасына жатқызылады, себебі аталған спектакльдерде түрлі-түсті костюмдер мен декорациялар жоқ, – деп Алтынай Асылмұратова алдағы қойылымның ерекшелігін атап өтті.
Бекзат өнер бағалаушыларының есінде болса, былтыр наурыз айында «Астана Опера» сахнасында чех хореографының «Алты би» балетінің тұсаукесері зор табыспен өткен болатын. Әзіл-оспақ сюжеттік қайшылықтарға емес, таза хореографияға негізделген комедиялық балеттің сирек кездесетін өзгеше түрін елордалық өнерсүйер қауым ыстық ықыласпен қабылдады.
Айтулы қойылымда Нидерланд би театрының балетмейстері әрі премьері Стефан Жеромский Иржи Килианның ассистенті болады. Көркемдік-қойылым бөлімінің жетекшісі ретінде таңдалған Юст Бигелар балетті жарық, декорация және костюммен көркемдейді. «Кішкентай өлімнің» басты ерекшелігі – қойылымда қара жұмсақ декорациялар мен роликтердегі жылжымалы кринолин көйлектер қолданылады. Барлығы минималистік стильде, ақ-қара түске құрылған. Қойылым сонысымен де ерекше.
Демек, сезімге құрылған балеттің айтулы премьерасы бекзат өнер жанкүйерлері үшін, шын мәнінде, үлкен жаңалық болары сөзсіз.