Еліміздегі ең үлкен ауыл саналатын Қарабұлақ тұрғындары елді мекен маңайындағы сарқынды су жиналатын орындардан мезі болып отыр. Ашық жатқан қалдық судың иісі қолқаны қабатыны аздай, борсығаны былай, бау-бақшаны суаратын арыққа да құйылып жатыр. Тұрғындар қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқан көлшіктерге қатысты жергілікті биліктің көп уақыттан бері нақты шара қолданбай отырғанына наразы.
Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының іргесінде малдың қаны құйылатын және шайынды сулар жиналатын осындай 8 жасанды көлшік бар екен. Мал шаруашылығы бойынша облыста ең көп бордақылау алаңы осы Қарабұлақта. Сонымен қатар үйлерінде 40-50 ірі қараны бордақылайтын жеке кәсіпкерлер де жетерлік. Жергілікті халық бұл сулардың мал соятын орындар мен ауруханалардан, түрлі мекемелер мен көпқабатты үйлерден жиналатынын айтады. Көлшіктерден аққан су егістік алқаптарға жайылса, қолқаны қабатын иіс бүкіл ауылға тарайды. Тұрғындардың айтуынша, сарқынды су жиналған бұл орынның қызыл түске боялғанына кемі бес жылдай болыпты. Арнасынан асқан көл суы егіс алқабына қарай ағып жатыр. Оған қоса жайылып жүрген мал да ішеді. «Осы маңайға су сіңіп жатқандықтан, бұлақтан да қып-қызыл су шығып жатыр. Ауыл тұтынатын ауыз суға барып қосылады. Жел тұрса сасық көлден демалу мүмкін емес. Мұндағы жұрт қалдық судан денсаулыққа зиян келе ме деп алаңдайды. Ал қан суымен суарылған көкөністер жан-жаққа саудаланып жатыр. Бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ олардан қайыр жоқ», дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Шухрат Рахманқұлов. Ауданның коммуналдық салаға жауапты мамандары қанды мал соятын тұрғындар өздері түнделетіп төгіп кететінін айтады. Бірқатарына полиция айыппұл салғанымен, әзірге тоқтам болмай тұр екен. «Қанды әкеліп төгеді. Ол кәдімгі ыстық қан. Ол жерге төккеннен кейін кәдімгі целлофан кленка сияқты қалып қалады жердің астына. Содан жерге су сіңбейді», дейді Сайрам аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Баймырза Бейсенбаев. Ал өңір экологтары тұрғындардан арыз-шағым түспегенін, онсыз тексеру заңсыз екенін айтады. «Мәселе бойынша толықтай арыз-шағымдар түскен жағдайда біз өз тарапымыздан тексеру жұмыстарын жүргізе аламыз. Және де кәсіпкердің жұмысын сотқа беріп тоқтатуға дейін бара аламыз», дейді экология департаментінің бас маманы Қазыбай Шора. Мамандар кәріз суы құйылатын орынды көшіруге қаражат та, мүмкіндік те жоқ екенін айтуда. Яғни бүгінде бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін ешкім дөп баса айта алмайды. Ал сарқынды суларды сүзгіден өткізетін орталық салуға қыруар қаржы бөлінгенімен, ол орталықтың жұмысы әлі іске қосылмаған. «Мал соятын мекемелер қанды арнайы орталыққа апарып төгу керек. Ол жерге өткізгенде көлікке ақы төлейді. Ал олар бассейндерге рұқсатсыз әрі тегін төгіп отырған. Салдарынан қан аралас су жайылып кеткен», дейді Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сайрам ауданы әкімдігінің хабарлауынша, осы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев жауапты мекеме басшыларымен бірге Қарабұлақ ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездескен. Кездесу барысында «Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру» нысанының мән-жайын және оның сыртқы аумақтарында санитарлық талаптарды сақтау, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу, қоршаған ортаны қорғау мақсатында мал сою орындарынан шығатын қанды төгіп, сондай-ақ мал өлекселерін тастауға рұқсат етілмейтіні түсіндірілген. Осыған байланысты аталған мәселені қадағалау үшін аудандық полиция басқармасының қызметкерлері аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізді. Жергілікті тұрғындарға шұңқырдың айналасына белгісіз азаматтардың қан төгіп, мал қалдықтарын тастау секілді жасап тұрған әрекеттерін ұялы байланыс арқылы бейнетүсірілімге түсіріп, құзырлы органдарға жолдауға құқылы екендері де ескертіліпті. Аудан әкімдігінің дерегінше, 2016 жылы конкурс нәтижесімен «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС-ы анықталып, құны 791,7 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Ал 2018 жылы нысанның жобалау сметалық құжаттамасында көрсетілген құны 531,8 млн теңге тұратын тазарту құрылғыларын мердігер мекеме келісімсіз ауыстырған. Келісімшарт бойынша бюджет қаржысының 95%-ы игерілген, ал 2021 жылға 39,6 млн теңге көлемінде бөлінген қаржы игерілмеген. «Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру» нысаны 2017 жылы мердігер мекеме «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС-ы тарапынан басталып, 2019 жылы аяқталған. Алайда құрылыс барысында жобаға өзгерістер енуіне байланысты нысан құрылысының заңдылығын анықтау үшін бүгінгі күнге дейін облыстық экономикалық мамандандырылған ауданаралық сотында 7 рет екі жақты тараптан сотта қаралып, құзырлы органдар тарапынан 2 рет іс қозғалып, қысқартылған. Нақты айтқанда, аталған нысан бойынша тапсырыс беруші мен мердігер мекеме арасында сот процедураларының 2018-2022 жылдары 5 жылға созылуына байланысты, нысан аудандық тұрғын үй-шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөліміне қабылданбаған. Түркістан облысы сотының биыл 23 ақпандағы ұйғарымына сәйкес, мердігер мекемеге биылдың 31 мамырына дейін нысанда орналасқан құрылғыны іске қосып, тапсыруға міндеттеді», делінген әкімдік хабарламасында.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері ауданның ішкі істер қызметкерлерімен бірлесіп 3 механикаландырылған техникамен нысанның сүзу алаңдарын кеңейтіп, тереңдетуде екен. Сондай-ақ аудан әкімдігі полиция бассейндерді қадағалауға алғанын, мал қанын төгетіндерге қатаң шара қолданылатынын хабарлады. Ал облыстағы экология департаментінің мәліметінше, тексеру нәтижелері бойынша кінәлілерге айыппұл салынады.
Түркістан облысы