Жетісу өңірінде уағында 4 қант зауыты жұмыс істеген. Ол тұста шаруалардың жауапкершілігін өкімет өз мойнына алатын. Ал тиісінше кәсіп иелері мемлекет бекіткен межені артығымен орындауға күш салатын. Бұл пропорция жүз пайыз елді ұйыстырған қарекет еді. Осы жайында бізге қант қызылшасын егуден өңірдің «чемпионы» атанған Әкімбай Зәкірбайұлы әңгімелеп берді.
Сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның сөзі «бұрын еңбектің бағаланғанына разымын» деген ықыластан басталды. Шынымен сол заманда билік әлеуметтік ұранмен шаруаны шет қақпай, бауырға басқан. Халық қырық жыл трактор айдап, мал баққан шаруа иесін қадірлеп, төрден орын берген. Елдің риясыз құрметі азаматтарды шыңдай түсіпті. Соңғы жылдары мемлекет еңбек адамын қадірлеп, ауыл шаруашылығына көңіл бөле бастағаны қуантады.
Шыны керек, соңғы өңірлік қант тапшылығынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен үкімет Жетісу жерінде қант қызылшасының егіс көлемін жылдағыдан арттырды. Бұл жоспар жыл сайын жаңарып отыратын болды. Аграрлы облыс қайтсе де егінді бітік шығарып, мақсатқа жетуге асық. Ал бізді осы ретте «қант қызылшасы бұрын қалай егілетін еді?» деген сауал мазалады. Қазіргідей заманауи техника жоқ кезеңде шаруалар бүгінгіден 2-3 есе көп өнім алған екен. «Оның себебі неде?», «Бүгінгі кәсіпкерлерге не жетіспейді?». Осы сұрақтар Қаратал ауданына қарасты Оян ауылында тұратын Әкімбай Зәкірбайұлының шаңырағына жетелеп апарды. Балпық би, Айту би, Ескелді би, Жолбарыс батыр бабамыздың жерленген аймақтың іргесінде қоныстанған аядай ғана ауыл ескі заманда қант қызылшасының қайнар бұлағы болған. Байырғы «Бірінші май» ұжымшары мен «Қаратал» асыл тұқымды қой кеңшарының» тыныс-тіршілігін ақсақал әдемілеп әңгімелеп берді.
«Әкем 1930 жылдары трактордың оқуын бітірген. Өзі мықты механик еді. Ауылда жер жыртып, егін екті. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанымен, ол кісіні майданға жібермеді. «Сарбаздарға азық-түлік қажет» деп әскери комиссариат бронмен қалдырады. Сөйтіп, әкеме әйелдерге трактор айдап үйрету тапсырылады. Қыз-келіншектермен жұмыс істеу оңай емес, екі рет майданға сұранып барады. Әйтсе де соғысқа үзілді-кесілді алмайды. Осылайша қызылша, бидай, арпа егіп, ауылда қалады», деді қария көңілі босап.
Әкімбай ақсақал бала күні егін басында өткен. Ауылдағы үлкен аналарымен бірге қызылша сеуіп, оның арам шөбін шауып күнелткен. Ол тұста қызылшаны ескі трактормен себеді. Дегенмен кеңес техникасы қазіргідей тұқымды сиретіп салмайды, арасын жиі төгеді. Ал қызылша бітік шығу үшін арасы 10 сантиметр болуы керек. Сондықтан 10 жасар Әкімбай анасынан қалмай тұқымның арасын сиретіп отырады. Ол уақытта бір үйге бір тракторды жауапты қылып қойған. Талап сондай, өл-тіріл соны істеуің шарт. 5 қыркүйекте қызылша жинау науқаны басталады. Бүкіл мектеп оқушыларымен қатар ауыл жұрты тегістей егінге шығады. Бұл – жоғарыдан жеткен жарлық.
«Шешемді елден бұрын алып шығамын. Таң бозынан жылдам қимылдап елден ерте бітіреміз. Басқа әйелдер мені көмекке шақырады. Шешем қайтсін «бар» деп айта алмайды. Жұмыс ауыр, өзім әулеттегі жалғыз баламын, маған алаңдайды. Сол тұста гектарынан 200-250 центнер алатынбыз, кейін мен жетекші болғанда үкімет гектарына 300 центнер алуды міндеттеді. Ол уақта гербицид деген жоқ. Жерді соқамен жыртамыз. Қазіргідей техника қайдан болсын. Культиватордың шамасы да белгілі, итшілеп істейсің», деді бала күнін есіне алып.
Ол 19 жасында шынжырлы трактордың шебері атанады. 1953 жылдары өкімет басына Хрущев келеді. Жаппай орыс тілінде басымдық беріле бастады. Ауылдағы жеті жылдық қазақ мектебін жабады. Шағым айтқан халықты «оқысаң орысша оқы, оқымасаң қой» деп кейін қайтарады. Бүкіл аудан бойынша Үштөбеде жалғыз қазақ мектебі қалады. Әйтсе де білім ордасы қазіргі Оян ауылынан алыста орналасқан, оның үстіне автобус та жоқ. Сөйтіп, алтыншы сыныпты бітірген бала Әкімбай, бір сынып төмен түсіп, 5-сыныпты орысша оқиды.
«Жеті жылдықты бітірген соң, оқуға бару керек. Ол кезеңде 7-сынып қазіргі 9-сынып есебінде жүреді. Сөйтіп, Талдықорғанның арғы жағындағы Шұбар ауылында орналасқан ауылшаруашылық техникумына құжат тапсырдым. Бағым жанып, агроном мамандығына оқуға түстім. Аздап сырқаттанған мені әкем алысқа ұзатқысы келмеді. Мен үйде жалғыз баламын, бауырларымның бәрі қызылшадан қайтыс болып кеткен. Сөйтіп, бір-ақ семестр ғана оқыдым», дейді ақсақал.
Әкесінің бір ауыз сөзін жерге тастамаған кейіпкеріміз оқудан шыққаннан кейін қол қусырып үйде жатпайды. Бір күні «Бірінші май» ұжымшарының басшысы Рахым Байтілеуов ауылдағы жігіттерді шақырып, МСХ №24 те оқуға жібереді. «Бірінші майға» төрт ауыл қарайды. Атап айтсақ, Оян, Жаңаталап, Ұмтыл, Май ауылдары. Осы төрт елді мекеннен жиналған 22 жігіт оқуға аттанады. Ұжымшар басшысы аман-есен оқуды бітіріп келгеннен кейін, әрқайсысына бір-бір трактордан беремін деп уәде етеді. Өкінішке қарай, оқу орыс тілінде, ауылда орыс көрмеген балалар тілді қайдан білсін, көбі түсінбей елге қайтады. Ал қалғаны сонда бір жыл білім алып, елге білікті маман болып оралады.
«Ауылға жаңа трактор келе бастапты. Техниканы толық меңгергенше тракторшының көмекшісі болдым. Бір күні маған шынжыр табан трактор бұйырды. Оны 8-9 жыл айдадым. Қолда бар бульдозер және К-700-бен арық тазалаймыз, канал қазамыз. Жұмыс Жаңаталап ауылында, Шәкен аға екеуіміз күнде қатынап істейміз. Басшымыз екі аптада бір босатады. Әйтеуір қызылша басталғанда босадық. «Әлі жаспын, ауылдан қатынап істейін» деп бригадирден дөңгелек трактор сұрап алдым, Ақкөңіл кісі еді, бірден көне кетті. Жұмыс бітпейді, жоңышқа жинаймыз, оны престейміз.
1976 жылы Қаратал асыл тұқымды қой кеңшарында жұмыс істеймін. Қыстауға мал айдаймыз, шөп дайындаймыз дегендей... Трактормен кетіп бара жатыр едім, жолда директор көріп, шақырды. Шошып кеттім, арбада жатқан шөпті көріп қалды ма деп зәрем қалмады. Қасына асықпай барып едім, «Құттықтаймын» деп бауырына басты. «Газеттен оқыдым, Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдың» деді. Көп ұзамай аудандық партия комитеті орденді кеудеме тақты. Қай жерде жұмыс жүрмей жатады, мені жіберді. Жаспыз, жанып тұрмыз, ерінбей еңбек етеміз», дейді қарт көңілі жадырап.
1983 жылы ұжымшар басшысы Әкімбай ағамызды шақырып алып, 50 гектар жер береді. Қасына он жұмысшы, екі трактор алып, қант қызылшасын егуді сұрайды. Сұрап қана қоймай, гектарынан 300 центнерден өнім алуды міндеттейді. Істің ретін білетін шаруа иесі бұл міндетті абыроймен алып шығады. Тіпті бірінші жылы гектарына 404 центнерден беріп, ауданда рекорд орнатады. Сөйтіп, өңірдің үздігі атанады. Келесі жылы гектарынан 480 центнерден жинап, үкіметтен екі мың сом алады.
Әкімбай ақсақалдың айтуынша, кеңес уағында көктем келе жер ылғалда қызылшаның тұқымын себеді. Енді өне бастағанда, жерге минералды тыңайтқыш береді. Тұқым да қазіргідей емес, үкімет арнайы шетелден салмақты әрі сапалы тұқым әкеледі. Оның үстіне 2 жыл сайын жерге демалыс беріп отырады.
«Ол уақытта шикізатты қазіргі Көксу зауытына өткіземіз. Ұжымның көліктері өздері тасиды. Ақсу зауыты да істеп тұрды, оған қоса Үшаралда да кішігірім қант зауыты болды. Екі жылдан соң қызылша шаруашылығы тоқтады. Жер тозды деп, жүгері егуге бет бұрдық. Ол да жаман болған жоқ, еңбегіміз ақталды», деп әңгімесін аяқтады қария.
40 жыл талмай-тыңбай еңбек еткен Әкімбай Зәкірбайұлы облыстық партия комитетінің мүшесі де болған. Бүгінде алпыс жыл отасқан жары Мәкен апамызбен бірге бала-шағаның қызығын көріп отыр.
Жетісу облысы