• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 03 Мамыр, 2023

Тегін операцияның тәлімі

354 рет
көрсетілді

Пышаққа түсу кімге де болса оңай емес. Әйтсе де қазір ауру жас таңдамайды. Талдықорған қаласында белгілі хирург Нұрлан Арын балаларға тегін күрделі операция жасады. Одан бөлек, облыстық кардиологиялық орталығының базасында да осындай игі дүние жалғасын тапты.

Көпсалалы облыстық балалар ауруха­насында ол 3 баланың бүйрек, көкет, өкпе, бауырына операция жасап, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасты.

«Алдымен, туған жеріме келіп қуанып тұрмын. Облыс тарихи Жетісу деген атауын алып жатыр екен. Құттықтаймын. Талдықорғанда менің әкем Мұхтар Арын атында мектеп-гимназия бар. Биыл – білім ордасының 30 жылдық мерейтойы. Соған орай 3 балаға қайырымдылық операцияларын жүргізуді жөн көрдік. Бәрі сәтті өтеді деп сенемін. Біздің кішкентай балапандарымыз аман болып, қазақтың балалары көбейе берсін. Біз берген ем шипа болып, балдырғандар шапқылап кетсін», деді Н.Арын.

Одан кейін тәжірибелі дәрігер «Туған елге тағзым» акциясы аясында облыстың меди­циналық мекемелерінде шеберлік сабағын өткізді. Осы уақытқа дейін 25 мыңнан аса операция жасаған маман оның екі мыңға жуығын қайырымдылыққа арнаған екен. Балалардың ата-аналары дәрігердің игі­лікті ісіне алғыс жаудырды.

Қазір талдықорғандық дәрігерлер күрделі операцияларды алысқа сілтемей, ақылдасып, өздері жасап жүр. Мәселен, былтыр өткен Сергей Алексеевский есімді сырқатқа өкпе обыры диагнозы қойылған. Бірақ онкологтер жүрек-қан тамырлары патологиясына байланысты оған операция жасай алмапты. Осыдан кейін байланысты облыстық көпсалалы клиниканың онкологтері мен Талдықорған қаласының облыстық кардиологиялық орталығының мамандары шұғыл консилиум жинады. Сөйтіп, 62 жастағы науқасқа бір мез­гілде аралас операция жасау туралы ше­шім қабылданды. Операция Жеті­су облысы кардиологиялық орта­лы­ғының базасында жасалды.

«Талдықорған қаласының кар­дио­логиялық орталығында дәрігерлер біре­гей күрделі операция жасады. Опера­ция об­лыс­тық көпсалалы клиниканың дәрі­гер­лерімен бірлесіп жүргізілді. Нау­қас­та жүрек­тің ишемиялық ауруы, ауыр коро­нарлық патология, клапан жеткіліксіздігі, ритмнің бұзылуы және ілеспе диагнозы қойылған. Науқаста сол жақ өкпенің қатерлі ісігі бар», дейді кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сейітұлы.

Облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Өмірбаевтың айтуынша, операция сәтті өткен. Бұдан әрі мамандандырылған емдеу жоспарланып отыр. Операциялық материалды гистологиялық зерттеуден кейін химиотерапия курстары, сондай-ақ ісік генінің мутациясын болдырмау үшін молекулалық-генетикалық зерттеу жүргізілмек.

Науқас күрделі операциядан соң 2 са­ғаттан кейін толық есін жиып, келесі күні таңертең палатаға ауыстырылған. Қазір Сергей Алексеевский кардиологиялық орта­лықта алғашқы оңалтудан өтіп жүр. Бір аптадан кейін үйіне оралуға мүм­кін­дік бар. Алайда бір жыл ішінде ол дәрігер­лердің қатаң бақылауында болады және облыс­тық көпсалалы клиникада емделуді жалғастырады.

 

Жетісу облысы