Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жылды діни сауаттылық аясында «Ислам және ізгі қоғам» деп жариялағаны аян. Осы орайда ізгілікке үндеген іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Ел үлесі пәтерге» акциясы арқылы аз қамтылған азаматтарға пәтер табысталса, «Өмірге үміт сыйла» жобасы емделуге мұқтаж жандардың ем-шара алуына көмек береді.
Бұл жолы «Зекет және қайырымдылық» қоры «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Қарағанды қаласының тұрғыны Құрманғазы Жүнісовке төрт бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Құрманғазы – он жылдан бері «Әнет баба» мешітінде аула сыпырушы. Сонымен қатар бес жүзден аса отбасы азық-түлік себетін алды.
Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы «Әнет баба» мешіті мен «Зекет және қайырымдылық» қорының қайырымдылық акцияларына, MUNARA TV телеарнасының филиалы мен мешіт жанындағы отбасылық-консультативтік орталықтың ашылуына қатысты.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды діни сауаттылық аясында «Ислам және ізгі қоғам» деп жариялады. «Әнет баба» мешітінде биыл некеге тұрған жас отбасылармен кездесу өтті. Біз олармен отбасылық құндылықтар туралы сөйлестік. Басқарма үлкен қайырымдылық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл – «Ел үлесі пәтерге» акциясы бойынша аз қамтылған азаматтарға пәтер табыстау және азаматтарды емдеуге қолдау көрсететін «Өмірге үміт сыйла» жобасы, – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
«Зекет және қайырымдылық» қорының Қарағанды облысындағы жауапты өкілі Мирас Ерланұлы қор арқылы көптеген мұқтаж адамның біраз мәселесі шешілгенін айтады. Қордың демеушілері бар.
– Мәселен, Қарағанды облысынан бес отбасы емделуге қаражат алды. Құрманғазы Жүнісовке Сұрыптау стансасынан пәтер сатып алдық. Бұл – жыл басынан бері сыйға тартқан екінші пәтер. Рамазан айында көпбалалы отбасына баспана берілді. Жазда тағы төрт пәтердің кілтін табыстауды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Қарағанды облысында біз 11 пәтер сыйға тарттық, – дейді Мирас Ерланұлы.
Қарағанды