• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Мамыр, 2023

Ананы еске алған қыздар турнирі

262 рет
көрсетілді

Ұлан ауданының Мамай батыр ауылындағы орта мектеп спорт залында ардақты ана, еңбек ардагері Майра Балғабайқызын еске алуға арналған волейболдан қыздар арасында облыстық турнир үшінші рет өтті.

Оны ұйымдастырған – Ұлан ауда­нындағы балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебі және бұқаралық спортты дамытуға атсалысып жүрген Мұ­запаровтар әулеті. Турнирдің салта­натты ашылуына есімі облысқа бел­гілі спорт ардагерлері, қарапайым еңбе­гімен құр­метке бөленген азаматтар, ауылдың сыйлы ақсақалдары қатысты.

– Майра Балғабайқызының есімі Ұлан ауданына жақсы таныс. Майра апай мен Өмірбек аға ұзақ жылдар Ма­май батыр ауылында еңбек етіп, құрметке бөленді. Жастарды иман­дылық пен ізет­тілікке тәрбиеледі. Қа­жылыққа барды. Өз балаларын ғана емес, ауыл жастарын саламаттылыққа тәрбиеледі. Спорт жарыстары жас­тарды отансүйгіштік пен патриотизмге баулитыны сөзсіз. Осы орайда Мұзапаровтар әулеті спорт жарыс­тарына үнемі демеушілік жасайды. Тұрмысы төмен тұрғындарға қолұшын беріп келеді. Реті келгенде айта кету керек, олар осымен оныншы рет турнир өткізіп отыр, деді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасов.

Кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можанов, бокстан КСРО спорт шебері Ержан Айжігітов, тағы басқалар турнирді өткізіп отыр­ған Мұзапаровтар отбасына табыс тілеп, алдағы уақытта да жастарды спортқа баули берсе деген тілектерін жеткізді.

Турнирге Зайсан ауданынан, Рид­­дерден, Жармадан, Серебрянка қа­ласынан, Ұлан ауданынан барлығы алты команда қатысты. Жарыс Сағыр және Мамай батыр ауылдарында өтті. Турнирдің тартысты өткені соншалық, көрермендер спорт залына сыймай кетті. Нәтижесінде, «Ұлан» құрама командасы бірінші орынды жеңіп алды. «Жарма-1», «Жарма-2» командалары екінші және үшінші орындарды бөлісті. Мұзапаровтар отбасы атынан жеңімпаздарға ақшалай сый-сияпат жасалып, кубоктер, мақтау грамоталары тапсырылды. Қалған команда мү­шелері де марапаттан құр қалған жоқ.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

газетінің ардагері

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы