Еліміздегі бірден-бір әскери-теңіз базасы Ақтауда орналасқан. Мемлекетіміздің теңіздегі тегеуріні саналатын әскери теңізшілер бөлімінде өз ісінің білікті мамандары қызмет атқарады. Солардың бірі – «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі жауынгерлік бөлімінің топ командирі, бас старшина Дәрмен Жұмағалиұлы.
Он екі жылдан бері әскери-теңіз базасында тапжылмай қызмет етіп келе жатқан Дәрмен жеке құрамның жауынгерлік даярлығына, әскери тәрбиесіне, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйіне, матростардың жауынгерлік міндеттерді табысты орындауына жауапты. Ол 1989 жылы 13 шілдеде Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Күнес ауданының Қазақ ауылында дүниеге келген. 2001 жылы ата-анасымен бірге тарихи Отанына оралып, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Нұрлы ауылына қоныстанады.
– Теңізші дегенде ақжал толқынды теңіздегі желкенді кемелер, ондағы офицерлер мен матростар көз алдыңызға келеді. Ал құлағыңызға көк теңіздің шуылы мен теңіз шағалаларының дауысы естілуі мүмкін, – дейді Дәрмен бізбен әңгімеде. – Әкем менің әскери адам болғанымды қалады. Тіпті бұл ол кісінің арманы еді десем де болады. Әрі өзімде де қызығушылық болды.
Дәрмен 2008 жылы орта мектепті бітіріп, Ақтаудағы әскери-теңіз институтына оқуға түседі. 2011 жылы Әскери-теңіз күштеріндегі қызметі «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі жауынгерлік бөлімнің техник лауазымынан басталды. Әскери теңіз күштерінің флагманы саналатын бұл жауынгерлік кеме – «Зенит» Орал зауытында шығарылған отандық өнім. 2013 жылы 7 мамырда «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі «Мәтібұлақ» полигонында өткен жауынгерлік парадқа қатысып, Каспий теңізінің қазақстандық секторында онлайн режімде өзінің тамаша атыс мүмкіндігін көрсеткенін атап өту керек.
Дәрмендер әскери оқу орнын 27 бала болып бітірді. Институт түлектері Әскери-теңіз күштері мен Шекара қызметіне бөлінді. Бүгінде олардың дені түрлі лауазымда абыройлы қызмет атқарып жүр. Теңіз суының кермек дәмін татып, теңізші атанған олар бос уақытта кездесіп, бас қосып тұрады.
Дәрмен негізінен жеке құраммен, оның ішінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілерімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Матростардың теңізге бейімделуі, олардың кемедегі бір жылғы қызметі көз алдында өтеді. Бастапқыда әскерге келгендердің негізгі оқу пәндерінен бір айлық жалпы әскери дайындық курсынан өтетіні белгілі. Ол сабақтарды аса тәжірибелі және барынша дайындалған офицерлер мен старшиналар жүргізеді. Жас жауынгер курсынан және әскери ант беру рәсімінен кейін теңізшілер Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионындағы жауынгерлік кемелерде қызмет ететін болады.
«Теңізші болу оңай емес. Кемедегінің жаны бір деген бар ғой. Біз бір отбасының баласындаймыз. Кеме – біздің екінші үйіміз», дейді Дәрмен. Отбасы демекші, кейіпкеріміздің әулетіндегі ер азаматтардың бәрі Отан алдындағы борышын өтеген. Бір бауыры Құрлық әскерлерінің әскери институтын бітірген. Бүгінде әскери қызметші.
Кей кездері теңізде апталап жүргендіктен, теңізшіге жүктелер тапсырмалардың оңай болмасы анық. Әйтсе де бала кезден арман еткен мамандық болған соң, Дәрмен үшін қиындығынан қызығы басым. Сол үшін де асқан қырағылық пен сақтықты қажет ететін қызметінде әр күн сайын тегеурінін мықтап, шеберлігін шыңдап отыру қалыптасқан қағида. Дәрмен отбасылы, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әке. Өнерден де құралақан емес. Домбыра тартып, мерекелік отырыстардың сәнін келтіретіні тағы бар.
Қай уақытта да білікті маманға сұраныс жоғары. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен адам тек өз болашағын ғана жарқын етіп қана қоймай, мемлекетінің де дамуына септігін тигізбек. Әскери-теңіз күштеріндегі елене бермейтін қызметімен еліміздің қорғаныс қабілетінің нығаюына елеулі үлес қосып жүрген Дәрмен туралы да сондай сеніммен айтуға болады.
Мұхарбек МАХАМБЕТ,
әскери журналист