Еліміздің жас дарынды кәсіпқой боксшылары – Бек Нұрмағанбет (10-0, 8 КО) пен Әбілхан Аманқұл (4-0, 4 КО) бір айдың ішінде екінші жекпе-жектерін өткізіп, бұл жолы да қарсыластарын нокаутпен жеңді.
Отандастарымыз бұған дейін 15 сәуірде АҚШ-та рингке көтерілген болса, күні кеше Мексиканың Гвадалахара қаласында ұйымдастырылған бокс кешінде де шаршы алаңға шығып, өз мықтылықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жергілікті боксшы Сауль «Канело» Альварес пен британиялық Джон Райдер арасындағы бокс кешінің андеркардында өнер көрсеткен Бек Нұрмағанбет Венесуэла өкілі Архенис Эспаньяны (15-1, 14 КО) екінші раундта сұлатып салса, Әбілхан Аманқұл да мексикалық боксшы Фабиан Риос Фраустоны (7-6-3, 4 КО) екінші үш минуттықта нокаутқа түсірді. Бір қызығы, екі жекпе-жек те екінші орташа салмақ дәрежесінде өтіп, 8 раундқа жоспарланған болатын.
Бұл – 25 жастағы Бек Нұрғаманбеттің кәсіпқой бокстағы оныншы жекпе-жегі және оныншы жеңісі болса, Әбілхан Аманқұл кәсіби рингте төртінші жеңісіне қол жеткізді.