Сәтбаев қаласында әрі ақын, әрі композитор Тайжан Қалмағамбетұлының әндерін орындаушылардың республикалық байқауы өтті. Сәтбаев қаласының 50 жылдығы аясында, биыл үшінші мәрте өткізілген байқауды Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Сәтбаев қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
«Жігітпін нағашыдан бағы жанған» деп өзі жырлағандай, Тайжан Қалмағамбетұлы – атақты композитор Үкілі Ыбырайдың туған жиені. Ол – Сыр бойының саңлағы Нартай Бекежановтың ұстазы.
Тайжан 1936 жылғы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениеті мен өнерінің онкүндігін ашу құрметіне бөленген. Сонымен қатар жаппай қуғын-сүргін құрбанына айналып, «халық жауы» ретінде атылып кеткен тауқыметті тағдыр иесі. Оның шығармашылығы, ән мұрасы бертінге дейін халықтан жасырын ұсталды.
Бір-бірімен ұштасып жатқан әншілік мектептердің сабақтастығын, үндестігін насихаттау мақсатында еліміздің әр шалғайынан келіп, бақ сынаған 28 өнерпаз Тайжан әндерімен қоса Үкілі Ыбырайдың, Нартай Бекежановтың әндерін де орындады.
Байқауға Қатимолла Бердіғалиев, Алмас Алматов, Ғалым Мұхамедин, Жақсыкелді Кемалов, Аманкелді Күзеубаев, Дәрігүл Еламанова сында ұлттық өнердің майталмандары қазылық етті.
Бабы келіп, бағы жанған Бексұлтан Барақбайдың өнері бас жүлдеге лайық деп табылды. Сәтбаев қаласының әкімі Ш.Әубәкір оған 1 млн теңгенің сертификатын тапсырды. Толқынай Мұхамбетжан – бірінші, Жандос Сыздықов – екінші, Нұртілек Ақтаев үшінші орын иеленсе, Нұрболат Ұзақбайға Ұлытау облыстық Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның арнайы жүлдесі берілді.
Тайжан ақын ұрпақтары тағайындаған арнайы жүлделер Алмагүл Қаратаеваға, Бекарыс Көштаевқа,Таңат Мұқышевқа бұйырды.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы