• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Тұлға 09 Мамыр, 2023

Ардагер

489 рет
көрсетілді

Биыл Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, милиция полковнигі, КСРО ІІМ еңбегі сіңген қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Елеусін Қайназаровтың туғанына 100 жыл толады. Ол кісі ерекше әрі бірегей адам еді.

Қызылорда облысында колхозшылар отбасында дүниеге келген ол ауыл мектебін экстерн­мен бітірді. Жосалы ауданының орта­лы­ғында оқуын жалғастырып, 1940 жылы физика-математика бөлімін «өте жақсы» аяқтады. Алайда 1941 жылдың қазанында ол көптеген өзге қатарласы сияқ­ты­ әскери киім киіп, жеке ұлт­­тық атқыштар бригадасының 101-артиллериялық дивизионы взво­­дының радиотелеграфисі болып қабылданды. 1942 жылғы қазанның соңында 101-бригада Калинин майданының 39-әске­рінің құрамына берілді. Дәл осы майдан шебінде 1942 жылғы қарашадан 1943 жылғы қаңтарға дейін Оле­нино қаласының жанында шабуыл жүріп жатты. Мұнда кеңес әскерлері үлкен шығынға ұшырады, бірақ бұл біздің әскерді Сталинград маңында нығай­туға мүм­кіндік берді. 101-брига­да­ның жауынгерлері және әс­кер­лердің барлық буыны арасындағы бай­ланысқа жа­уапты Е.Қайназаров Ста­л­инград ма­ңын­дағы кеңес әскер­ле­рінің жетістіктеріне үлкен үлес қосты деп айтуға болады. 1943 жылы Е.Қайназаров көп жарақат алып, далалық ауруханаға түседі. Емде­ліп шыққаннан кейін оны Ростов өздігінен жүретін ар­тил­лерия мектебіне оқуға жібе­реді. Училищені үздік дип­ломмен бітіргеннен кейін Е.Қайназаров майданға танк-өзді­гі­нен жүретін взвод командирі ретінде жіберілді. Неміс-фашист бас­қын­шы­ларымен күрестегі ба­тыл­дығы, табанды­лығы мен қа­йсарлығы үшін Е.Қайназаров ІІ дәрежелі «Отан соғы­сы» орденімен, Сталинград шай­қа­сындағы «Жеңіс» белгісі­мен және «Жауынгерлік еңбегі» үшін медалімен марапатталды.

1946 жылдың маусымда Е.Қайназаров әскер қатарынан босатылып, Қармақшы аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, кейін партияның облыстық комитетінің мектептер мен жоғары оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы болып жұмыс істеді. Бірақ 1951 жылы нау­рызда құқықтық тәртіп ор­ган­дарының кадрларын нығай­ту мақсатында Е.Қайназаров облыс­тық милиция басқармасы басты­ғы­ның саяси бөлім бойынша орынбасары, ал 1956 жылы шілдеде Алматы қаласындағы милиция орта мектебі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

1961 жылы қазанда Е.Қай­на­заров Алматы қаласының мем­ле­кеттік автоинспекция бөлім­ше­сі бастығының орынбасары, көп ұзамай осы бөлімшенің бастығы болады. Жамбыл облысында басшы кадрлар мектебінен өткен, жеке құраммен үлкен ұйым­дас­тырушылық тәжірибесі бар бұ­рынғы майдангердің милиция басқармасы бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары және Милиция мектебінде КСРО ІІМ мектебі бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары болған тә­жіри­белі қызметкердің келуі жол мили­циясы бөлімшелері үшін елеулі серпіліс болды.

1963 жылы КСРО Министрлер Ке­ңесінің төрағасы Алексей Косы­гин Қазақстанға келеді. Сапары барысында ол Д.Қонаевпен ірі қала­ларды аралап шығады. Осын­дай ұзақ шаршататын сапарлардан кейін демалу керек болады. Осы жерде Қонаевтың сөзін келтірген жөн болар. «Жек­сен­бі күні біз қаладан алпыс шақырым жерде, Тянь-Шань сілемдерінде орналасқан Есік көліне бардық. Бұл 1963 жылдың 7 шілдесі болатын. Косыгин көл мен табиғатқа тәнті болды. Ол осы сапарға немересі Алексейді алды. Бұл кезде жөнсіз нәрсе көрдім: таулардан гуілдеп қоңыр ағын түсіп келе жатыр екен. Күмәнім болмады, бұл маған тым таныс нәрсе еді. Сел!». Бұл сапарда бірінші бас­шылармен бірге Алматы қала­сы­ның Көше қозғалысын реттеу бөлімінің бастығы Елеусін Қай­назаров та болған. Бұл жа­­йында ол өзі былай деп еске алған екен: «Маған дауыс зорайтқыш қондырғымен тар жолда көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын реттеуге, «қорғалатын» тұлғаның көпірден шұғыл өтуін қамтамасыз етуге тура келді, өйткені әр секунд қымбат болды. «Чайка» көлігі өткеннен кейін көпір балшық тас ағынының қысымымен құлады. Мен әріптестеріммен бірге құтқару жұмыстарын ұйымдастыру үшін қалдым». Адамдарды, мемлекеттік мүлікті су тасқынынан құтқару, адамдарды қауіпсіз аудандарға эвакуациялауды ұйымдастыру бойынша жанқиярлық жұмысы үшін Е.Қайназаров 1963 жылы 27 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының атынан «Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды.

1969 жылғы шілдеден бас­тап 1976 жылғы маусымға дейін Е.Қайназаров ІІБ Штабын бас­қар­ды. ІІБ жеке құрамы арасында ақпараттық-талдамалық жұ­мыстармен, бөлімшелердің жұ­мысын жоспарлаумен, инспекциялаумен, кезекші бөліммен және тәрбие жұмысымен айналысты. Құқық қорғау органдарындағы еңбегі мен тәжірибесін ескере отырып, 1976 жылы ол Қазақ КСР ІІМ Штабы бастығының орынбасары лауазымына жіберілді, ол жерден еңбек сіңірген демалысына шықты.

Е.Қайназаров «ешқашан қол қусырып отырмайтын еді». Ол үнемі жұмысбасты болатын, диссертация қорғады, оқу-әдістемелік құралдарды редакциялады, ІІО қызметкерлері мен ардагерлері туралы естелік жинақтар жазды, өзекті мақалалар, көркем пьесалар және ІІО-дағы, МАИ-дағы жұмысы туралы естеліктер жазды. Е.Қайназаров жас ұр­пақ­ты тәрбиелеу үшін көп іс тын­дырды. Оның кітаптары бар­шаға мәлім: тәуелсіз Қазақстан тарихының алғашқы оқулығы – «Қазақстан тарихы» (1992 ж.), «Алматы МАИ: өткені мен қазірі» (2000 ж.), «Алматы полициясы. Алматы қалалық полиция-милициясы туралы тарихи очерк 1960-2001 жж» (2002 ж.). Ол көптеген кітап пен оқулықтың құрастырушысы және редакторы болды. Мысалы, «Қазақстанның ІІО құрметті тұл­ға­лары» (1998 ж). Жоғарыда ай­тыл­ғандай, Ұлы Отан соғысы май­дандарындағы жауынгерлік жетістіктері мен айбынды еңбегі үшін Е.Қ.Қайназаров II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша үздік қызметі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медальдарымен және 13 басқа да медальмен марапатталды. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» және 2003 жылы «Маршал Жуков» медальдарымен марапатталды.

«Талантты адам барлық жағы­нан да талантты болады» деген сөз бар. Елеусін математиканы өте жақсы білетін, әрдайым өзінің бар­лық қадамын математикалық дәлдікпен есептейтін. Өзі өлең жазып, ән шығарды. Мен оның домбырамен төгілтіп күй шерткенін де өз құлағыммен естідім.

Мен 2000 жылы Қазақстан Рес­публикасы ІІМ Алматы акаде­мия­сының бастығы лауазымына тағайындалғанда тәлімгеріміз Е.Қайназаровтың милиция орта мектебінің қабырғасында қалып­тас­тырған игі дәстүрін бірден се­зін­дім. Ол бастықтың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде эсте­тикалық тәрбиеге, мәдени дағ­дыларды қалыптастыруға, кур­сант­тардың қоғамда, ұжымда және тіпті достар арасында, үстел басында өз-өзін ұстау әрекеттеріне үлкен мән беретін. Осы мақсатта көркемөнерпаздар үйірмелері құ­ры­лып, спорт секциялары, қыз­мет­керлердің әдеп-эстетика сабақ­тары ұйымдастырылды.

Е.Қайназаровтың өмір жолы болашақта да ішкі істер ор­ган­дары қызметкерлерінің жас буы­ны үшін бетке ұстар үлгі болары анық.

 

Талап ҚАБДЕНОВ,

ІІМ Алматы академиясы

Ардагерлер кеңесінің төрағасы, генерал-майор