Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің офицерлері тағылымды іс-шара бастады. Олар «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындарына Жеңістің 78 жылдығына орай «Сарбаз ботқасы» акциясын ұйымдастырды. Әскери оркестр, далалық ас үйдегі сарбаз ботқасы зұлмат кездердің бар қиыншылығы мен Жеңістің қадірін тағы бір түсіндіргендей болды.
Офицерлердің бастамасын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасы, Қарулы Күштердің ардагерлері, «Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қолдап, іс-шараға белсенді қатысты.
Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Раиса Сафоничеваны және әлеуметтік мекеменің тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтап, бейбіт өмір тіледі. «Біз үшін сіздің ұрпақ – батылдық пен таңғажайып өміршеңдіктің үлгісі. Ел басына күн туған қиын уақытта Жеңіс үшін бәрі тылдағы еңбекке жегілді. Біз бұл қаһармандықты балаларымыз бен немерелерімізге үнемі айтып отырамыз», деді ол.
Алдағы шілдеде Раиса Сафоничева 98 жасқа толады. 1943 жылы Минскіде қысқамерзімді байланыс курсын аяқтағаннан кейін ол 2-Украина майданына жіберіледі. Киевтен Будапештке дейінгі майдан жолдарын жүріп өтіп, Жеңіс күнін қарсы алды. Ардагер осы еңбегі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталған.
Іс-шарада дала асханасы ұйымдастырылып, армиялық шатырлар орнатылды. Акцияға қатысушылар дәстүрлі сарбаз ботқасынан дәм татты.
Бүгінде «Шарапат» орталығында 329 адам тұрады. Олардың арасында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері, еңбек ардагерлері бар.
Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы мекеме қонақтары мен қызметкерлеріне соғыс жылдарындағы әндерді шырқап берді. Қариялар да құрмет көрсеткен әскери қызметшілерге алғыстарын жаудырды.