Ұлытау облысының Жезді кентінде Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі бар. Бұл музейдің ерекшелігі сол, мұнда адамзат өркениетінде алғашқылардың бірі болып металды игеру мәдениетін қалыптастырған дала халқының өндірістік жетістіктері дәріптеледі.
Музейді ұйымдастырған майдангер Мәкен Төрегелдин – Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің құрметті профессоры еді.Туғанына биыл 100 жыл толатын Мәкеңнің өмірден өткеніне де жиырма жылға жуықтады. Ол соңына Орталық Азияда теңдесі жоқ музей қалдырып кетті.
Халықаралық деңгейдегі «Горный журнал» басылымы осы музейдің ерекшелігіне назар аударып, 2023 жылғы сәуірдегі шығарылымында «Тау-кен ісінің тарихы. Мәдениет» айдарымен Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Ә.А.Тәкішевтің «Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі» деген ғылыми мақаласын жариялаған. Мақалада Ұлы дала өркениетінің бір қыры – металл қорыту машығының қалыптасуы мен бүгінгі дәуірлерге дейінгі сабақтастығы, музей ісін дамытудағы жеке тұлғаның рөлі мен жас ұрпақты инженерлік-техникалық кәсіпке баулудың мәселелері сөз болады.
1825 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Горный журнал» басылымы өз саласындағы ең беделді ғылыми журнал болып саналады. Осындай журналдың арнайы мақала жариялауы Жезді музейінің мәртебесін асқақтата түсетіні сөзсіз.