Елордада бүйрек ауруларын емдеу қызметінің толық жиынтығын ұсынатын скандинавиялық «Диаверум» медициналық компаниясының Қазақстан және Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық диализ клиникасы ашылды. Емдеу орталығының ресми ашылу салтанатына Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник, Швеция Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Ева Пулано және «Диаверум Груп» компаниясының президенті Димитрис Мулавасилис қатысып, медициналық мекеменің мол мүмкіндігімен танысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында, облыстағы жұртшылықпен кездесулерінде еліміздегі денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлу керек екенін, оның ішінде цифрландыру жүйесіне баса мән беріп, оны жылдам дамыту мен одан әрі жетілдіруді қажет ететінін жиі тілге тиек етеді. Осыған байланысты Астанада Қазақстан мен Швеция Корольдігінің ынтымақтастық жұмысының аясында алғашқы цифрлық диализ клиникасы іске қосылды.
«Швеция Корольдігі мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастың, екі елдің денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмысының нәтижесінде Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстанда бүйрек ауруларын емдейтін «Диаверум» медициналық орталығының алғашқы цифрлық диализ клиникасы ашылып отыр. Расымен, кейінгі жылдары Қазақстан мен Швеция денсаулық саласын модернизациялау бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді. Соның бір ғана мысалы, биыл Қазақстанның 100-ден аса студенті Швецияның беделді медициналық университетінде білім алады. Бұл – кейінгі жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш», дейді Ева Пулано.
1964 жылы негізі қаланған және әлемнің 23 елінде 440-тан аса клиникасы бар Швецияның «Диаверум» медициналық ұйымы Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы танымал және аса ірі шетелдік инвестор саналды. Компания бүкіл әлем бойынша, соның ішінде Қазақстанда бүйрек аурулары кезінде көмек көрсету қызметтерін цифрландыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Компания бүйрек ауруларын емдеу қызметтерінің толық жиынтығын ұсынады және жүйені одан әрі жақсарту бойынша Үкіметпен бірлесе отырып жұмыс істейді. Клиникалар мейлінше шалғай аудандарда тұратын науқастарға көмектесе алатын перитонеалды диализ секілді баламалы емдеу түрлерін де ұсынады.
Қазір «Диаверум» медициналық ұйымы Қазақстанның 16 өңіріндегі 53 клиникада 2 800-ден аса пациентке қызмет көрсетеді. Мұнда 1 мыңнан аса жергілікті кәсіби қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар медициналық ұйымның Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Шымкент және Қостанай секілді ірі қалаларындағы орталықтарынан бөлек, шалғай жатқан ауылдарда да клиникалары жұмыс істейді. Атап айтқанда, Қызылорда облысындағы Қазалы мен Жаңақорған, Қарағанды облысындағы Балқаш, Топар және Қарқаралы, Түркістан облысындағы Жетісай мен Асықата, Жамбыл облысындағы Бурное және Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай елді мекендерінде бар.
«Мемлекет басшысы, үкімет кейінгі жылдары денсаулық саласына көп көңіл бөліп келеді. 2021 жылы біз төрт бағыт бойынша жұмыс істейтін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын қолға алған едік. Яғни бұл дегеніміз – Қазақстан бойынша қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету, эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдар және салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту. Міне, осы жобалардың аясында Денсаулық сақтау министрлігі қаржыландыратын шведтік жоғары технологиялы цифрлық жабдығы бар «Диаверум» клиникаларында отандастарымыз ақысыз, сапалы және қауіпсіз ем ала алады. d.CARE мобильді қосымшасы арқылы пациенттер өздерінің хал-жайымен, сұйықтықты тұтынуымен және клиника тәжірибесімен бөлісе отырып, медицина қызметкерлерімен байланыса алады. Сонымен қатар олар өздерінің емдеу деректеріне, зертханалық зерттеу нәтижелеріне және дәрі-дәрмектерге қатысты ақпаратты да ала алады», дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.
Қазақстандағы диализ процедураларының 90%-ы жекеменшік секторларда жүргізіледі. Соның 30%-ы «Диаверум» орталығына тиесілі.