• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Мамыр, 2023

90-жылдарда қазақ тілінің оқытылуы тілге жасалған ең үлкен қастандық болды - Глеб Пономарев

3753 рет
көрсетілді

Қазақстандық публицист, PR маманы әрі блогер Глеб Пономаревтың мемлекеттік тілге қатысты пікірлері желіде желдей есіп жүр. Осы орайда блогер esquire.kz сайтына сұхбат беріп, қазақ тілін үйренудің негізгі тәсілдерін атады.

- Глеб, қазақ тілін үйренуді неден бастау керек? Белгілі бір әдістерді, әдебиеттерді, подкасттарды, қосымшаларды ұсына аласыз ба?

- Кез-келген тілді үйрену кезінде негіз маңызды. Грамматиканы білу керек және аз да болса сөздік қорың болуы қажет. Бұны мектепте үйретеді. Бірақ бұл тіпті ағылшын тілімен салыстырсақ, Pre-intermediate деңгейі де емес. Мектептен кейін барлығы адамның өз қолында болады емес пе?!. Мысалы, мен өзім оқып, өзім іздене бастадым. Ол кезде қазақ тілінде контенттер аз еді. Бірақ мен оның орнын кітаппен толтырдым. Қазір әрине, әлдеқайда оңай, өйткені қазақша сериалдар, подкасттар мен әндер бар. Содан кейін курстарды қосар едім.

Тілді жаттықтыру өте маңызды. Дүкенде, таксиде, достардың ортасында сол тілде сөйлеу керек. Бастапқыда тым құрығында «сәлеметсіз бе», «рақмет», «сау болыңыз» деген сияқты қарапайым сөз тіркестерін айта берген дұрыс. Уақыт өте келе көп сөздерді жүйелей алатын және жаңа сөз тіркестерін құрай алатын боласыз. Аз-аздан білгеніңізше сөйлей берсеңіз, бұның өзі тіл үйренуге деген алғашқы қадам.

Тіл үйренудегі ең маңызды нәрсе ол - тәжірибе. Көбі сөйлеуге ұялады. Грамматиканы әбден меңгеріп, сөздік қорымды толтырып алайын, содан кейін қатесіз сөйлеймін деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс тәсіл емес. Тілге қатысты кедергілерді бірден бастап кету арқылы жоюға болады. Тіл үйрену ол қателік пен тәжірбие ғой. Сөйлеу керек. Сөйлегенде қате жіберу қалыпты жағдай. Сол қатені түзетіп, есте сақтап отырасыз. Тілдің жанын түсініңіз! Оның әуенін тыңдаңыз.

Жыл сайын қазақ тілінде сапалы контент көбейіп келе жатқанына өте қуаныштымын. Сериалдар, подкасттар, фильмдер, жаңа орындаушылар шығып жатыр. Мысалы, мен Ғалымжан Молданазарды үнемі тыңдаймын. Оның артынан қазақ тілінде сапалы музыка шығарып жүрген ондаған талантты азаматтар пайда болды. 10 жыл бұрын материалдың жетіспеуіне байланысты тілді үйрену қиын болды десек, қазір ондай мәселе жоқ. Барлығы сіздің қолыңызда, бастысы - ниет!

- Қазақ тілін үйренушілер көбіне қандай қиындықтарға тап болады? Олардың ынтасын не жоғалтуы мүмкін?

- Мен мектепте 11 жыл қазақ тілін оқыдым. Бірақ бізге тілді емес, филологияны оқытты. Біз септіктердің атауларын, етістіктерді жаттап алдық, бірақ бізге оларды қалай қолдану керектігін үйреткен жоқ. Көбіне өлеңдер мен мәтіндерді аудармасыз оқуға беретін. Өкінішке қарай, түсінбегеннен кейін қызығушылық болмады. Мен қазақ тілінде сөздерді анық айтатын едім. Сол үшін маған жыл бойы 5 қоятын. Мектепті «есікті жаптым» деген сияқты қарапайым ауызекі сөйлем құрай алмай бітіріп шықтым.

Мен 90-шы жылдардағы қазақ тілінің оқытылуы тілге жасалған қастандық деп айтар едім. Қазір қазақ тілі жақсы оқытылып жатыр. Бірақ менің ойымша, оқыту әдістерін үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Балалар қызығушылық таныта білуі керек. Сонда нәтиже болады. Кұдай каласа, солай болады да.

- Оқу процестері жеделдетіліп, тіл үйренгісі келетін адамдар көп болуы үшін қоғамда, мемлекеттік деңгейде қандай өзгерістер болуы керек?

- Өзгерістер қазірдің өзінде қарқынды жүріп жатыр. Мен адамдардың қазақ тілінде сөйлей бастағанын көріп жүрмін. Бұрын тілге қызығушылық танытпағандар да курстарға жазылып жатыр. Бұл қалыпты құбылыс. Әсіресе, өткен жылы қаңтар оқиғасы мен Украинадағы соғыстан кейін тілді үйрену айтарлықтай жеделдеді. Бізде ұлттық идея, бірлік ұстанымдары нығая түсті. Менің болжамым бойынша, Қазақстан 10-12 жыл ішінде қазақ тіліне толық ауысады. Үштіл саясаты екі тілге айналады: қазақ және ағылшын тілдері. Ал орыс тілі күнделікті қарым-қатынас тілі болып, қолданыс аясы одан әрі тарыла береді.

- Тіл үйренудегі тәржірбиеңізбен бөліссеңіз. Тілді қалай меңгердіңіз? Қоғам қандай көзқарас танытады? Қатеңізді түзеп, көрсетіп беретіндер бар ма, әлде сөйлегеніңізге күліп қайрайтындар басым ба?

- Мен орыс тілді қазақтарға қате сөйлегендері үшін басқалар мазақ ететіндіктен тілді үйрену қиын екенін естідім. Менің бірнеше досым содан ұялғандықтан тіл үйренуді тоқтата тұрды. Бұл, әрине, өте өкінішті. Адамға қолдау қажет. Акцент үшін немесе қателіктер үшін мазақ ету адамның әрі қарай оқуға деген құштарлығын жояды. Бірақ өз басым бұндайға тап болған жоқпын, керісінше көбі қолдап, түсіністік танытты. Кейде мен адамдармен қазақша сөйлесе бастасам, біртүрлі қарайтындар болады. Ал олар маған орыс тілінде жауап береді. Мен сонда да қазақша сөйлесем, әңгімелесуші де қазақша жауап бере бастайды.

- Қазақ тіліндегі жақсы көретін сөзіңіз қандай?

- Менің ең жақсы көретін сөзім ол «бәсе» (вот оно как!), «өзінше» (деловуша) және «деп». Жалпы, маған басқа тілдерде баламасы жоқ сөздер қатты ұнайды. Бұл ойды байытады. Онда терең әрі философиялық мән бар.

 

Аударған - Айтолған ЖҮНІСХАН