• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
Ұстаз 11 Мамыр, 2023

Ұстаз рухымен сырласу

368 рет
көрсетілді

2016 жылы 21 мамырда шыққан «Орталық Қазақстан» газетінің қиындысы қолыма қашан түскенін есіме түсіре алмадым. Онда «Тұңғыш һәм дара» атты мақала жарияланыпты. Авторы – Ерсін Мұсабек. Мақала кейіпкері – қарағандылық математик Айбат Рафхатұлы Ешкеев. Қазақты әлемге танытып жүрген көрнекті ғалым алпысқа толыпты. Соған орай жазылған жып-жылы дүние екен. Атақты жерлесіміз докторлық диссертациясын Новосібірдегі математика ғылымының майталмандары алдында қазақ тілінде қорғаған. Бұл да екінің бірінің қолынан келмейді.

Айбат Ешкеев туралы мақа­ланы оқып отырмын.

«Айбат ағаның әке-шешесі де Қара­ғанды ғылымына еңбегі сіңген, зия­лы жандар болды. Рафхат Армияұлы – белгілі философ. Ғылыми диссертациясын әйгілі Мәскеу мемлекеттік университетінде қорғаған аз қа­зақтың бірі. Қарағанды медицина және кооператив институтта­рында кафедра мең­герушісі болып ұзақ жыл еңбек етсе, анасы Ұлбек Оспалақова Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік уни­верситетінің қазақ тілі кафедрасында ұстаздық етті». Осы соңғы сөйлемге келгенде жүрегім толқып қоя берді. Апыр-ау, шынымен де бұл менің ұстазым ғой. Үш ұйықтасам түсіме кір­мейтін жағдай. Тіршіліктің қа­мы­тына жегіліп, соған қалай ноқ­таланғанымды білмеппін. Ке­шірші мені, ұстазым!

Енді, міне, арада қанша жыл­дар өткеннен кейін сіздің рухы­ңызбен сыр­ласып отырмын. Біздің тобымыз­да­ғы жиырма бес студентке бес жыл бойы аналық, ұстаздық жүрегіңізбен мейірім-шуағыңызды молынан төк­тіңіз. Ешқайсымызды бөліп-жарған жоқсыз. Деканның қазаққа қырын қа­райтын орынбасары Верюгинамен біздер үшін талай тайталасқа түстіңіз. Әсіре­се үлгерімі нашар студенттерге жанашырлық танытып, солар «оқудан шығып қалмасын» деп шыр-пыр болып жүрдіңіз. Осы оқиғалардың шет жағасын топ жетекшісі ретінде жақсы білемін. Біз оқуға түскеннен ке­йін топ­тағы жиырма бес баланы қабылдап алып (кейін 3-курс­та академиялық дем­алыстан қа­зір­гі этнограф-жазушы Төрехан Май­бас қосылды), солардың қолда­рына университеттің табақтай ­дип­ломын ұстатып, шығарып салды­ңыз. Әлі есімде, алғашқы кураторлық са­ғат­та бізге біраз сұрақ қойдыңыз. Оны әлі ұмытқан жоқпын. «Кәне, кілең беске тап­сырғандарың қол көтеріңдерші?» дедіңіз. Үш-төрт бала қол көтерді. Одан кейін «Енді кім төрт пен беске тапсырды?» деп сұрадыңыз. Ұмытпасам, 15 шақты жас қол көтерді. Бұдан соң артық сұрақ болған жоқ. Мен кейінгі топта едім. Университетке түсу емтиханын бір бес, бір төрт, бір үшке тапсырдым. Шыным сол. Өзімді ауыр сал­мақты абитуриент­пін деп есептеймін. Өйткені бұған де­йін мектепте 11 жыл жұмыс істеп, оқу­ға жігіт ағасы болған­да түстім. Келесі кураторлық сағат­та бізден бақылау диктантын алдыңыз. 25 студенттің ішінде бір бала ғана 5-ке жазды. Ол – оңтүстіктің оғыланы Мұса Тілеу­бердиев болатын. Болашағы зор азамат еді. Бес жыл бірге оқы­ғанда оның жолдастарына бір қат­қыл сөз айт­қанын естіген емес­пін. Әдемі жымиып қана жүре­тін. Өкініштісі, қанқұйлы зұ­­лым­дардың қолынан қаза тапты. Сон­дай-ақ тобымызда қазіргі Мақтаарал аудандық газетінің ре­дакторы Сәбит Қалдыбаев ша­ңы­рақ көтергенде, соған да бар жағдай жасап едіңіз. Соның бәрі бүгінге дейін көңілімде сайрап тұр».

Бірде көрнекті әдебиет­тану­шы-ға­лым Тұрсынбек Кәкі­шевтің «Садақ» атты кітабын оқып отырып, мына бір дерекке елең ете қал­дым. «Бір күні Қарағанды қа­ла­сынан бейтаныс адам телефон соғып тұр», деп жазады ғалым. «Мен Армия Ешкеевтің ба­ласы едім. Академик Ебіней Арыс­танұлы Бөкетовтің ақыл-кеңе­сі­мен сіздің «Сандалтқан Сада­ғыңызды» оқып, менің әкем жө­ніндегі деректерді көріп, қуанып тұрмын...» Үш күннен кейін Рафхат Армияұлы Ешкеев біздің пәтердің табалдырығын аттады».

Армия Ешкеев – Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім ал­ған санаулы қа­­зақ­тың бірі. Бұл сол замандағы іргелі оқу орын­­дарының бірі болды. Он­да М.Жұмабаев, Б.Майлин, Ж.Тілеп­бер­генов, Т.Жомартбаев, М.Тұрғанбаев, А.Мәметов секілді халқымыздың бір­­туар азаматтары білім алған. 1913 жылы 50 қа­зақ баласы оқыпты. Сондай-ақ мұнда қазақ қыздары да оқы­ған. Ал қолжазба «Садақ» журналын осы медреседе оқып жүр­ген қазақ жастары шығарған. Не­гізгі ұйымдастырушы­лар: Бейім­бет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенов. Армия Ешкеев те осы журналдың белсенді авто­ры болған. Оның қандай автор бол­ғанын 1917 жылы 23 қарашада атал­ған жур­нал­да шыққан мақала­сынан білуге болады.

«Міне, біздің оғын кезеп тұр­ған «Садақ» журналымыз да, былай қарап тұрған кісіге ойын­шық, күлкі. Еріккенге ермек секілді кө­рінсе де, оның түп мақ­сат, ой-нысанасы, баяғы жасөспірім, жаңа талап бағландарды басқыштан басқышқа мінгізіп, көздеген нысанасына жеткізбек. Сол үшін атышулы «Садақ» журналымызды қай жағынан болса да кемсітпеу керек. Өйткені «Садақтың» бізге қалай айтса да сөзі өтеді. Кеше қылышынан қан тамып тұрған ескі үкіметтің заманында «Садақ» оғын кезеп, екі аяғын үзеңгіге шіреніп, жауға қарсы тұруға беті қайтпады». Осыдан-ақ Армия атамыздың көзқарасы мен өткір қаламын танисыз.

Ұстазым, халқымыздың аяу­лы перзенттерінің бірі Армия Ешкеев ша­­­ңырағының шырақ­шы келіні бола біліпсіз. Оған қолымдағы «Садақ» кіта­бын оқи отырып, көзім жетті. Газет қиын­дысындағы мақаланы оқи сала, Қара­ғандыдағы бір азаматпен дереу хабарластым. Университеттегі тобымызға анамыздай қамқор болған ұлағатты ұстазымыз осыдан бірер жыл бұрын мәңгілік мекеніне аттаныпты.

Көңіл жабырқау тартты. Күр­сініс көбейді.

Арамызда талай ұлының ұрпағы жүргенін ұмытпайық...

 

Тілеубек Ысқақов,

Білім беру ісінің озық қызметкері,

ардагер ұстаз