Халықтың жүрегінен орын алған әндердің әрқилы тағдыры болады. Расында, көңіл толқытқан туындының жайдан жай тумайтыны анық. Тыңдарманның құлағында жатталып қалған «Келші, Айым» әні көрерменге «Гаухартас» фильмі арқылы жақсы таныс.
«Ай нұры арайлы
Айдынға тарайды,
Сүйіктім келер ме, япырмау?», дейді…
Әннің бойында азалы мұң бар. Сарыла күткен сағыныш бар. Қайғылы тағдыр бар.
Бірде композитор Мэлс Өзбеков Қамшыбек Ақатаевқа әннің шығу тарихы туралы айтқан екен.
«Бұл менің консерваторияда оқып жүрген кезім еді. Алматы медициналық институтының Айымзада есімді қызына ғашық болдым. Жанарларымыз оттай жанып, қос жүрек бірін-бірі түсініп, махаббаттың шарабына мас болып жүргенімізде, жазғы каникул да келіп қалды. «Жаңа оқу жылы басталғанша...» деп, екеуміз бір-бірімізді қимай, ол өзінің ауылы Алматы маңына, мен Луговойға кете бардық. Алғашқы кезде Айымзада хабарын айтып, хат келіп тұрушы еді. Соңыра оның ізі суға сіңгендей ғайып болды. Себебін сұрап, хат жазайын десем, ол: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады» деген соң каникулдың бітуін күттім.
Үздігіп күткен жаңа оқу жылы да басталар уақыт келді. Мен ауылдан құстай ұшып Алматыға келсем, Айымзада әлі келмепті. Екі көзім төрт болып отырғанда, курстас қыздардың бірі келіп, Айымзаданың каникул кезінде шомылып жүріп, суға кетіп қайтыс болғанын айтты. Мен кездейсоқ сең соққандай көзім қарауытып, отырып қалдым», дейді ол естелігінде.
Ән көпшілікке Дулат Исабековтың шығармасы желісінде түсірілген «Гаухартас» фильмі арқылы танымал болғандықтан экран бетінде «әннің сөзін жазған - Дулат Исабеков» деп жазылып жүрген. Бірақ ән жинақтарында әннің сөзін жазған автор Әбдірахман Асылбек екені көрсетілген.
Көрікті көл беті,
Көк елес көлбеді,
Мен тұрмын жағада жабырқау.
Ай нұры арайлы
Айдынға тарайды,
Сүйіктім келер ме, япырмау?
Айдын көл, сен айтшы,
Самал жел, сен айтшы,
Жарыма құс болып ұшайын.
Бір хабар берші, айым,
Жақындап келші, айым,
Лапылдап мәңгі құшайын.
Айым боп қалқышы,
Қайың боп балқышы,
Қызықты көктемнің кешінде.
Жарасты үніміз,
Жарасты жырымыз,
Тербелдік айдын көл төсінде.
Гүлім боп аңқыдың,
Нұрым боп шалқыдың,
Өртеді тәнімді от лебің.
Бақытты шақтарда,
Жақұтты бақтарда,
Өзіңмен бірге көктедім.
Әбдірахман Асылбек