Теннистен еліміздің ерлер және әйелдер арасындағы бірінші ракеткалары – Александр Бублик пен Елена Рыбакина Италияның Рим қаласында өтіп жатқан ATP және WTA 1000 санатындағы Internazionali BNL d’Italia турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Жүлде қоры 7 705 780 еуроны құрайтын турнирді екінші айналымнан бастаған Е.Рыбакина бұл кезеңде әлемнің 65-ракеткасы италиялық Ясмин Паолинимен шеберлік байқасты. Бір жарым сағатқа жалғасқан бәсекеде жерлесіміз екі сетте басым түсті. Бірінші партияда Рыбакина тай-брейкте басым түссе (7:6 (7:4)), екінші сетте қарсыласына тек бір геймде ғана жол беріп, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Кеше Елена Рыбакина үшінші айналымда ресейлік Анна Калинскаямен кездесті.
Ал әлемдік рейтингте 49-орынға жайғасқан Александр Бублик екінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, 20 жастағы америкалық Бен Шелтонмен сайысқа түсті. Бірінші партияда Бублик 6:4 есебімен басымдық танытқан болса, екінші сетте америкалық теннисші қос брейк жасап, қарымта қайтарды – 6:1. Үшінші, шешуші партияда Бублик екі брейкпен қарсыласынан жеңісті жұлып алды – 6:2. А.Бублик төртінші айналымға шығу үшін кеше әлемнің 4-ракеткасы норвегиялық Каспер Руудке қарсы ойнады.