Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Азия чемпионатының кезекті күнінде ел қоржыны бірден үш медальмен толықты.
Атап айтқанда, 102 килоға дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Нұрғиса Әділетұлы сары құрлық додасының жеңімпазы атанса, 109 килоға дейінгі салмақта өнер көрсеткен Артём Антропов – күміс, Аңдас Самарқанов қола жүлдеге ие болды. Былтыр Колумбиядағы әлем чемпионатының қоссайысында 383 кило (174+209) зілтемірді көтеріп, күміс медаль жеңіп алған Әділет Кореядағы Азия чемпионатында өз нәтижесін 17 килоға жақсартып, 400 киломен (181+219) алтын тұғырдан көрінді.
Ал Артём Антропов серпе көтеруде 172 килоны, жұлқа көтеруде 227 килоны ырқына бағындырып, 390 киломен күміс жүлдені қанжығасына байласа, Аңдас Самарқанов бірінші жаттығуында 169 кило, екіншісінде 221 кило зілтемірді көтеріп, 390 кило нәтижесімен қола жүлдегер атанды.