Мажарстанның Сегед қаласында мәресіне жеткен байдарка мен каноэде ескек есуден Әлем кубогінің алғашқы кезеңінде отандасымыз Мария Бровкова алтын медаль жеңіп алды.
Спортты дамыту дирекциясының дерегіне сәйкес C-1 санатындағы 1000 метрге жарысуда бақ сынаған Мария мәре сызығын 4:49.91 секундта кесіп, Әлем кубогінің алғашқы кезеңінде жеңіске жетті. Одан кейінгі сатыларға әлем чемпионатының күміс жүлдегері мажарстандық Жофия Кисбан мен оның отандасы Жофия Каталин Чорба тұрақтады.
Жалпы, Сегед қаласындағы жарыс жолы 18 жастағы қазақ спортшысына жақсы таныс. Мария былтыр осы қала қабылдаған 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында да 1000 метр қашықтықта жеңімпаз атанған еді.