• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Мамыр, 2023

Дохадан жүлдесіз оралды

401 рет
көрсетілді

Дзюдодан Катардың астанасы – Дохада өткен әлем чемпионаты өз мәре­сіне жетті. Бір аптаға со­зылған бәсекелер барысында бар­­лығы 14 жүлде жи­ын­­тығы сарапқа салынды. Өкінішке қарай, сол медаль­дердің бірде-бі­реуі Қазақ­станның балуан­да­рына бұйырған жоқ. Жер­лес­теріміздің арасынан ең үздік нәтижеге Әбиба Әбу­жақынова қол жеткізді. Аса жеңіл салмақта белдес­кен бұрымдымыз бесінші орынды қанағат тұтты. Бір­­ақ ол жеңіс тұғырына кө­теріле алмағаннан кейін бұл көрсеткішке көңіліміз толды деп айта алмаймыз.

Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста соңғы рет 2014 жылы Ресейдің Челябі қа­ласында өткен әлем чемпионатында оңбай сүрінген едік. Сол кезде дзюдошыларымыз тегіс ұтылды. Одан кейінгі алты жарыс­та асығымыз алшысынан түсті. Атап айтсақ, 2015 жылы Астанада Елдос Сметов (алтын) пен Рустам Ыбыраев (күміс), 2017 жылы Будапеште Отгонцэцэг Гал­бадрах (қола), 2018 жылы Бакуде Ерлан Серікжанов (күміс) пен Галбадрах (қола), 2019 жылы Токиода Сметов (қола), 2021 жылы Будапеште Ғұс­ман Қыр­ғызбаев (күміс) және 2022 жылы Ташкентте Сметов (қола) пен Әби­ба Әбужақынова (қола) жеңіс тұғырына көтеріліп, жан­күйер­лер­ді қуаныш пен шаттыққа бө­леді.

Парсы шығанағында өткен әлем чемпионатында еліміздің ең үздік 18 балуаны татамиге шықты. Солардың арасынан 48 кило салмақта өнер көрсеткен Әбиба Әбужақынованың ғана тәуір күресті. Небір мықты қарсыласты жолынан ығыстырған қазақ қызы жартылай финалда жеңілістің кермек дәмін татты. Бұл межеде оның Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған франциялық Ширин Буклиге әлі жетпеді. Ал қола медаль үшін сайыста Әбиба италиялық Ассунта Скуттоға есе жіберді. Былтыр Ташкенттегі әлемдік додада дәл осы екі спортшы жеңіс тұғырының үшінші сатысында қатар тұрған еді.

Аталған жарыста Нұрқанат Серікбаев пен Нұрлыхан Шар­ханның да «шабысы» жаман бол­ған жоқ. 60 кило салмақта күш сынасқан Нұрқанат бастапқы бә­секелердің бірінде Олимпия ойындарының күміс, әлем чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері, әлемдік рейтинг­те бірінші орында тұрған тай­пей­лік Ян Юнвэйден айла­сын асырғанда кеудемізде үміт оты жылт ете қалды. Бірақ келе­сі айналымда оның жолын Жапо­нияның жұлдызы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы Наохиса Такато бө­геді. Ал жұбаныш бәсекесінде Се­рікбаевты грузиялық Георгий Сар­далашвили сан соқтырып кетті.

100 кило салмақтағы Нұр­лыхан Шархан жарысты өте тамаша бастады. Қандасымыз үшінші айналымда грузиялық Варлам Липартелианиді жолынан ығыстырды. Ал ол кім десеңіз, айтар жауабымыз дайы­н. Липартелиани – Рио Олим­­пиа­дасының финалисі, әлем чемпионатының алты дүркін жүл­дегері, командалық әлем чем­пио­натының екі дүркін жеңімпазы, Еуропаның сегіз дүр­кін чемпионы (3 рет жеке, 5 рет командалық есепте) және Еуропа ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері. Атағынан ат үркетін апайтөс қазақтың қайсар ұлының алдында шарасыздық танытты. Одан кейін Нұрлыханның жолы даңқы жер жарған Чехияның балуаны Лукаш Крпалекпен қиысты. Олимпиада мен әлемнің екі және Еуропаның үш дүркін чемпионы жерлесімізді оңай жықты. Әбден күші сарқылған Шархан жұбаныш белдесуінде Израильдің мақтанышы, Олимпия ойындарының қола жүлдегері (командалық есепте), Еуропа чем­пионы Петер Пальчиктің осал тұ­сын таба алмады.

Дохадағы әлем чемпионатында біз Елдос Сметов (60 кило), Ғұсман Қырғызбаев (66 кило), Жансай Смағұлов (73 кило), Данияр Шамшаев (73 кило) және Дидар Хамза (90 кило) сынды талай дүрмектерде ысылып, көптеген дүбірлі додаларда дараланған саңлақтарға айрықша үміт артқан едік. Өкінішке қарай, олар сенім үдесінен шыға алмады. Сол секілді Абылайхан Жұбаназар (81 кило), Ғалымжан Қырықбай (+100 кило), Ғалия Тынбаева (48 кило), Толғанай Әбеуова (52 кило), Бақыт Құсақбаева (57 кило), Есмигүл Куюлова (63 кило), Анастасия Маякова (70 кило), Аруна Жангелдина (78 кило), Камила Берліқаш (+78 кило) және Ақерке Рамазанова да (+78 кило) бастапқы кезеңдерде сүрінді.

Ерлер арасындағы жарыстың жалпы командалық есебінде Грузия құрамасы жеке-дара көш бастады. Қап тауының қырандары 2 алтын, 1 күміс және 1 қоланы олжалады. Сондай-ақ ТОП-10-дыққа мына командалар енді: Жапония (1+1+3), Ресей (1+1+0), Франция мен Швейцария (1+0+1), Испания (1+0+0), Өзбекстан (0+1+2), Италия, Бельгия және Че­хия (0+1+0).

Әйелдер арасындағы сайыс жа­пондардың (4+1+2) айқын жеңісімен аяқталды. Одан кейінгі сатыларға Франция (1+3+1), Ка­нада мен Израиль (1+0+1), Өз­бекстан, Словения, Германия (0+1+0), Италия (0+0+3) және Ни­дерланд (0+0+2) құрамалары жайғасты.

 

Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

(Ерлер)

81 кило:      1. Тато Григалашвили (Грузия), 2. Маттиас Кассе (Бельгия), 3. Таканори                                      Нагасе (Жапония) мен Ли Жонхван (Оңтүс­тік Корея).

90 кило:      1. Лука Майсурадзе (Грузия), 2. Лаша Бекаури (Грузия), 3. Маркус Нюман                                        (Швеция) мен Санширо Маурао (Жапония).

100 кило:    1. Арман Адамян (Ресей), 2. Лукаш Крпалек (Чехия), 3. Зелим Коцоев                                               (Әзербайжан) пен Петер Пальчик (Израиль).

+100 кило: 1. Тедди Ринер (Франция), 2. Инал Тасоев (Ресей), 3. Әлішер Юсупов                                               (Өзбекстан) пен Рафаэл Силва (Бразилия).

(Әйелдер)

63 кило:      1. Кларисс Агбеньену (Франция), 2. Андрея Лешки (Словения), 3. Софи Озбас                                (Мажарстан) пен Джоанн ван Лисхаут (Нидерланд).

70 кило:      1. Саки Низое (Жапония), 2. Джованна Скоччимарро (Германия), 3. Михаэла                                   Поллерес (Австрия) пен Барбара Матич (Хорватия).

78 кило:      1. Инбар Ланир (Израиль), 2. Одри Чёмео (Франция), 3. Гюше Стенхёйс                                         (Нидерланд) пен Элис Белланди (Италия).

+78 кило:   1. Акира Сонэ (Жапония), 2. Джулия Толофуа (Франция), 3. Беатриз Соуза                                      (Бразилия) мен Раз Гершко (Израиль).