Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Римде өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына өтті.
Еліміздің даңқты теннисшісі үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 57-орында тұрған ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасты. Бірінші партияның үшінші геймінде ресейлік теннисші брейк жасап, есепте алға шығып алды – 3:1. Бірақ алтыншы геймде Рыбакина өз қателігін түзетіп, қайыра брейк жасады. Таразы басын теңестірген Елена кейінгі геймде де сенімді ойнап, есепте басымдыққа ие болды – 4:3. Осы мезетте А.Калинская жарақатына байланысты бәсекені жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп, небәрі 35 минутқа жалғасқан матчта отандасымыз 3 эйс, 1 брейк жасап, жарыстың төртінші айналымына жолдама алды. Елена кеше әлемнің 70-ракеткасы чехиялық Маркета Вондроушовамен кездесті.
Өкінішке қарай, ерлер арасындағы әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик турнирдің төртінші айналымына шыға алмады. Бублик үшінші айналымда әлемнің 4-ракеткасы норвегиялық Каспер Руудпен шеберлік байқасып, аса тартысты өткен бәсекеде қарсыласына тай-брейкте есе жіберді – 1:6, 6:4, 6:7 (0:7).