2022 жылы Астанада өткен отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қордаланған маңызды мәселелердің бірі ретінде еңбек нарығындағы техникалық мамандардың тапшылығын атаған еді.
Болашақ техникалық мамандыққа мектеп жасынан бейімдеудің бірегей жолы – техникалық спорт түрлерімен шұғылдану, соған назар аударып, оны кеңінен насихаттау. Ал техникалық спорт түрлеріне келсек, ол – өте күрделі мәселе. Егемен ел болғалы кеңестік қорғаныс саласынан еліміз Қорғаныс министрлігіне еншілес болып қалған бұрынғы ДОСААФ мекемесі, ғимараттары, базалары мен спорт жабдықтары қысқа мерзімде жекенің қолына өтіп, өзінің бастапқыдағы мақсатынан айырылды. Жергілікті әкімдіктердің қарамағындағы Спорт және дене шынықтыру немесе Білім басқармаларына бағынысты техникалық мемлекеттік спорт бөлімшелері Қарағанды, Теміртау, Қостанай, Рудный, Астана және Қызылорда қалаларында ғана сақталған. Елімізде әскери-техникалық мектептер бар демесеңіз, бұл салаға назар аударып жатқандар саусақпен санарлық. Сондай-ақ олардың материалдық базасы мүшкіл халде. Яки бұл спорт түрі үш бөлек саланың жетегінде болғаннан кейін кенжелеп қалып отыр.
Қазіргі таңда техникалық және өндіріспен байланысты қолданбалы спортты дамытуға назар аударғанымыз жөн. Соның ішінде техникалық, әскери-қолданбалы, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорты, биік ғимараттарды күтіп, оның терезелерін тазалауға атсалысатын өндірістік альпинизм және т.б. салаға қажетті дайын кәсіби мамандар даярлау қажет. Бұл мамандықтарға еңбек нарығында сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Әскерге дейінгі даярлық, азаматтық қорғаныс немесе техника мен технологияны жетік меңгерген арнайы күш құрылымдары, полиция, жедел жәрдем, өрт сөндіру техникаларын жетік меңгеретін болашақ мамандардың осы техникалық және қолданбалы спорт түрлерімен қазірден бастап жүйелі шұғылданғаны абзал. Олардың жастайынан балалар мен жасөспірімдер спорт үйірмелерінде алған білімі мен тәжірибесі келешекте қоғамға пайдалы білікті кәсіби маман болып шығуына көмектесері сөзсіз. Ал оларды даярлауға мемлекет тарапынан жұмсалған уақыт пен қаражаттың тиімділігі де зор болмақ.
Елімізде автомобиль және мотоцикл спортымен 2175 спортшы айналысса, салалы министрлік, жергілікті әкімдіктер мен автомотоспорт федерациясы бірлесіп, жыл сайын 60-қа жуық республикалық жарыс өткізеді. Оның ішінде мотокросс пен картинг жарыстары бар. Картингпен алты жастан асқан мектеп оқушылары айналысады. Бұл ретте балалар секциясы Қостанай және Қарағанды облыстарында жергілікті дене шынықтыру және спорт басқармалары қарамағында болса, Астана, Қызылорда, Орал, Ақтөбе қалаларында білім басқармаларына қарайды, ал Өскемен, Шымкент қалаларында Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектептеріне бағынады. Бір-бірімен өзара байланыс жоқ үш бөлек салада болған соң, «Аққу, шортан һәм шаян» демекші, бұл спорт түрлерін толыққанды әрі жүйелі дамытуға еш мүмкіндік болмай отыр. Ал ілгерілетуге үйірмелердің қауқары жетпейді.
Осы тығырықтан шығудың жолы қандай десек, ең алдымен, жаттығу жұмыстары мен жарысты ұйымдастыру жүйесін бірыңғай спорттық күнтізбелік жоспармен бір орталықтан іске асыру үшін мотокросс және картинг спорт түрлерін жергілікті әкімдіктердің салалық Спорт және дене шынықтыру басқармаларының балалар мен жасөспірімдер спорт мекемелеріне немесе білім басқармаларының техникалық шығармашылық орталықтарына беру қажет. Сонымен қатар материалдық-техникалық базасы мен кеңес одағынан қалған спорттық құрал-жабдықтар бүгінгі заманға сай жаңартуды талап етеді. Республика бойынша 159 спорттық мүкәммал (картинг, мотоцикл) болса, онымен қазір 554 спортшы айналысуда, яғни бір техникаға 3-4 баладан келеді. Бұл техниканың жетіспеушілігімен қоса, осы техникалық спортқа деген жоғары сұраныстың барын да көрсетеді. Егер балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінен секциялар ашу қолдау тапса, оның жанынан авиа және судомодель (кеме үлгілеу), роботтехника, радио спорты, парашют спортымен қатар жастарды техникалық спортқа баулудың да оң шешімі табылар еді.
Нұрпейіс ҚОНЫСБАЕВ,
автомотоспорт жаттықтырушысы
АЛМАТЫ