Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында атой салып, Көк туды биікте желбіреткен қазақтың батыр ұлдарын жанкүйер қауым елорда әуежайынан сый-құрмет көрсетіп күтіп алды. Жаһандық жарыста жасындай жарқылдаған жерлестеріміздің жеңісіне ортақтасқан дүйім жұртшылық спортшыларға ізгі тілектерін жолдады.
Әлем чемпиондарын қарсы алуға арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жерлестеріміздің Ташкент төрінде атой салған күнін бейресми түрде «Бокс күні» деп те атауға болатынын айтты. «Білектің де, ақыл-ойдың да күшімен төрткүл дүниені мойындатқан жігіттерімізді осы күннің нағыз батырлары деп айтуға болады. Кешеден бері біздің батырларымыз кәсіби бокста да жеңіске жетіп жатыр. Бейресми түрде айтсақ, өткен демалыс күндері елімізде «Бокс күні» болды. Осы жылдың күзінде Қытайда Азия ойындары өтеді. Ал келесі жылы Парижде Олимпия ойындары ұйымдастырылатыны баршаңызға белгілі. Енді жігіттеріміз сол сайыстарға жақсы дайындықпен барады деген сенімдеміз», деді Асхат Оралов.
Сонымен қатар ведомство басшысы министрлік тарапынан әлем чемпиондарының әрқайсына және олардың жеке бапкерлеріне 15 мың АҚШ долларынан берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясы тарапынан – 100 мың доллар, AIBA тарапынан 200 мың доллар беріледі.
Ал ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов әлем чемпионатынан бұрын, сол додаға баратын боксшыларды таңдау өте тартысты өткенін жеткізді. «Жыл басынан бері әр салмақта мықты деген жігіттерді түрлі жарыстарға жіберіп, сынап көрдік. Солардың ішінен ең үздік нәтиже көрсеткендерін таңдап алдық. Кейін оларды оқу-жаттығу жиындарында да тексердік. Ташкентке барған боксшылар солай іріктеліп алынды. Ал кейбір салмақтарда іріктеу өте қиын болды. Өйткені бір салмақта бірнеше мықты боксшы бар. Тіпті, кейбірі бірдей нәтиже көрсетіп жатты. Дегенмен, таңдау жас спортшыларға берілді», деді Мырзағали Айтжанов.
Құрама капитаны және 71 кило салмақтағы су жаңа әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов жаһандық дода жоғары деңгейде өткенін атап өтті. «Әлем чемпионатында бар күшімізді салып, жанкүйерлерімізді қуантуға тырыстық. Өзім де қатты қуанып тұрмын. Бұл әлем чемпионаты қатысушылар саны ең көп тіркелген сайыс болып саналады. Әр кездесудің өзіндік қиыншылығы бар. Мен үшін финалдық жекпе-жек қиынырақ болды. Жалпы, Ташкенттегі әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті», деді Асланбек Шымбергенов.
1-14 мамыр аралығында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүлдемен жалпыкомандалық есепте Өзбекстан (5 алтын, 2 күміс, 2 қола) боксшыларын алға жіберіп, екінші орынға ие болды. Ташкенттегі додада Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) және Нұрбек Оралбай (80 кг) әлем чемпионы атанса, Дулат Бекбауов (67 кг) күміс жүлдеге ие болды.