Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатының екінші күнінде еліміздің ұлттық құрамасы төрт дүркін жаһандық доданың жеңімпазы Чехия хоккейшілерімен шеберлік байқасып, ірі есеппен жеңіліп қалды.
Жерлестеріміз алғашқы турда Норвегия құрамасын буллит сериясында тізе бүктіріп, жігерлі жеңіске жеткен соң жанкүйерлер Ғалым Мәмбеталиевтің шәкірттерінен келесі матчта да тәуір нәтиже күткен еді.
Алайда отандастарымыз 1998 жылғы Олимпиада чемпионы, былтырғы әлем біріншілігінің қола жүлдегерінен жеңілді. Алғашқы кезеңде Чехия хоккейшілері екі мәрте Андрей Шутов қорғаған қақпадан саңылау тапты. 9-минутта Якуб Зборжил кездесудің есебін ашса, 16-минутта Доминик Кубалик сан басымдығын жүзеге асырып, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді.
Екінші айналымда жерлестеріміз қарқынын арттырғанымен, Чехия құрамасының қақпасына шайба соға алмады. 30-минутта ойынның бас төрешісі біздің қақпаға буллит белгілегенімен, оны Доминик Кубалик голға айналдыра алмады. Жалпы, екінші кезеңде Андрей Шутов белсенді ойнап, қақпасына бірде-бір шайба дарытқан жоқ. Есесіне, 32-минутта Максим Мұхаметов мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқарта білді.
Үшінші 20 минуттықта да жерлестеріміз шайба соғып, ойынды овертаймға дейін ұластыратын мүмкіндігі болған еді. Бірақ көп хоккейшіміз әлем чемпионатына, халықаралық деңгейдегі жарыстарға алғаш рет қатысып жатқандықтан ба екен, жалпы жиі қателікке бой алдырып, дөрекі ойнады. Нәтижесінде, хоккейшілеріміз бірінен соң бірі екі минуттық айыппен жазаланып, қарсыластардың басымдығын пайдалануына мүмкіндік беріп қойды.
Соңғы кезеңде біздің қақпаға соғылған үш шайбаның екеуін Чехия құрамасы сан басымдығын пайдаланып соғып кетті. Кезең басталған бетте Лукаш Седлак дәлдік танытса, арада төрт минут өткенде Ян Кошталек Чехияның төртінші шайбасын соқты. Ал бәсекенің аяқталуына бір минут қалғанда Доминик Кубалик дубльдің авторы атанып, ойынның нүктесін қойды – 5:1.
В тобында Швейцария, Канада, Чехия, Словакия, Норвегия, Латвия және Словения құрамаларымен бақ сынап жатқан жерлестеріміз бүгін екі ойында 6 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастап тұрған Швейцариямен кездеседі.