Жезқазғанның жанында қуаты 1,2 МВт құрайтын күн электр стансасының құрылысы аяқталды. Бұл нысанның құрылысына 378 млн теңгеден аса қаржы тартылды.
Бір жарым гектар аумақты алып жатқан станса пайдалануға берілген алғашқы жылда 1,88 млн кВт/с электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бірақ бұл облыс орталығындағы электр сұранысының небәрі 10 пайызын ғана қанағаттандырады. Сондықтан жергілікті билік энергияның баламалы көздерін одан әрі дамыту үшін тағы бірнеше жобаны қолға алмақ.
– Біз біртіндеп энергияның балама көздеріне, яғни, жасыл энергияға назар аударатын боламыз. Соның бір дәлелі, Күн стансасынан бөлек, енді жел қуатын да пайдалануды көздеп отырмыз. Жезқазған – Сәтбаев қалаларының ортасынан қуаты 200 МВт жел электр стансасын салу жобасы дайын. Бұл жобаның құрылысына бір мезгілде 250 жұмыс күші тартылатын болады, дейді Ұлытау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков.
Күнге де, желге де жерімізде зәрулік жоқ. Ендеше, олардың қуатын адам мүддесіне бағыттауды ойластырған жобаларға тек қана сәттілік болсын.
Ұлытау облысы,
Жезқазған қаласы