Елена Рыбакина Римде өтіп жатқан теннистен WTA 1000 санатындағы «Мастерс» турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған жерлесіміз Апеннин түбегіндегі теннисшілер бәсекесінің төртінші айналымында дүниежүзілік рейтингте 70-орында тұрған чехиялық Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар 2021 жылы Мәскеудегі жарыста бір мәрте кездесіп, онда чехиялық теннисші екі сетте 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы отандасымыздың мерейі үстем болды.
Бірінші партияның алғашқы геймінде Рыбакина қателікке бой алдырып, қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Алайда кейінгі екі геймде өзі қайыра брейк жасап, есепте алға шығып алды – 3:1. Содан кейін жерлесіміз тағы үш геймде мықтылық танытып, алғашқы партияны 6:3 есебімен өз пайдасына жазды. Екінші сетте Елена қарқынын арттырып, ә дегеннен 4:1 есебімен алға ұзап кеткенімен, чехиялық спортшы қайыра брейк жасады. Дегенмен бұл партияда да Рыбакина 6:3 есебімен басымдық танытты. Елена жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы Польша өкілі Ига Швентек немесе рейтингте 24-сатыда тұрған хорватиялық Донна Векичтің бірімен кездеседі.