УЕФА Чемпиондар лигасының финалына шыққан алғашқы команда белгілі болды. Италияның екі мықтысы – «Милан» мен «Интер» арасындағы тартысты өткен бәсекеде «Интердің» мерейі үстем болып, 13 жылдан кейін алғаш рет айтулы турнирдің финалына жолдама алды.
«Сан-Сиро» стадионындағы қарымта матчтың тағдырын 74-минутта Лаутаро Мартинестің жалғыз голы шешіп кетті – 1:0. Екі ойынның қорытындысы бойынша қақпасына бірде-бір гол өткізбей, қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктірген «Интер» осылайша араға 13 жыл салып Чемпиондар лигасының финалына шығып отыр.
Милан қаласының клубы соңғы рет аталған турнирдің финалында 2010 жылы ойнап, қос құлақты кубогке ие болған еді. Даңқты бапкер Жозе Моуриньоның жетекшілігіндегі «Интер» сол жылғы финалда «Бавариядан» 2:0 есебімен басым түскен-ді.
Кешегі екінші жартылай финалда «Манчестер Сити» мен «Реал» клубтары кездесті. Мадридтегі алғашқы ойында 1:1 есебі тіркелген болатын.