Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы қатарынан екінші ойында жеңілді. Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері үшінші турда Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, В тобының көшбасшысы Швейцария хоккейшілерімен шеберлік байқасып, бұл жолы да ірі есеппен қарсыластарына жол берді.
Алғашқы турда Норвегияны буллитте тізе бүктіріп (4:3), екінші турда Чехиядан жеңілген (5:1) жерлестеріміз үшінші турда тағы да жеңілуге мәжбүр болды. «Рига аренада» өткен кездесу 5:0 есебімен еуропалықтардың пайдасына шешілді. Біздің таза қазақстандықтардан жасақталған жас құрамамыз кездесуді белсенді бастағанымен, швейцариялықтардың қарқынына небәрі бес-ақ минут төтеп беруге шамалары жетті.
Кездесудің бесінші минутында 24 жастағы қорғаушы Тобиас Гайссер ойынның есебін ашса, екінші кезеңде Фабрис Герцог (27-минут) пен Дэмиен Риат (31) дәлдік танытып, Швейцарияның басымдығын нақтылай түсті – 3:0. Үшінші кезеңде жерлестеріміз Чехиямен өткен ойындағыдай жиі тәртіп бұзып, екі минуттық кіші айыппен үш мәрте жазаланды. Нәтижесінде, қарсыластар сан басымдығын тиімді пайдаланып, Андрей Шутовтың қақпасына тағы екі шайба енгізді. Бұл жолы Нино Нидеррайтер (41) мен Ромен Лёффель (49) мергендігімен көзге түсті.
Үшінші тур ойындарынан кейін В тобының турнир кестесінде бірде-бір ойында жеңілмеген Швейцария хоккейшілері 9 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Екінші орында 8 ұпай бар Канада келеді. Ал үздік үштікті Чехия құрамасы түйіндеп тұр. Олардың еншісінде – 7 ұпай бар. Қазақстан хоккейшілері екі ұпаймен жетінші орынға жайғасса, соқыр ұпайы жоқ Словения көш соңында қалып қойды.