• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2014

Ер адамдар

4114 рет
көрсетілді

Олар күшті, төзімді болуымен бірге еренсіз де келеді Иә, бүгінгі таңда дәл осылай демеске лаж жоқ. Белгілі саясаткер Маргарет Тэтчер айтпақшы, барлық еркек – әлсіз жаратылыс. Содан болса керек, қазір ғалымдар әйелдермен салыстырғанда азаматтардың денсаулығының төмендігіне, фәниден ертерек аттанатынына алаңдаулы. 1982 жылы «Мосфильм» киностудиясы түсірген «Еркектерді аялайық!» («Берегите мужчин!») көркем фильмінің (реж. А. Серый) бір кейіпкері айтпақшы, ер-азаматтарға әйелдердің, жалпы, қоғамның аялы көзбен қарап, жіті назар аударатын уақыты жетті. Әңгімемізді бірден нақты деректерден бастайық, Алматы қаласындағы Б. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы 2009-2012 жылдар аралығында 4 мыңнан аса ер-азаматты тексеруден өткізіпті. Еліміздің барлық өңірінің тұрғындары тартылған бұл шараның нәтижесінде олардың 83,3 пайызында уроандрологиялық патология анықталған. «Төменгі жақ» дерттерімен балалар да, жасөспірімдер де жиі сырқаттанатыны белгілі болды. Мәселен, тексеру жүргізілген 1-16 жас аралығындағы 500-ге жуық ер баланың 90,2 пайызы – ауру. Орталықтың зерттеу жұмыстары республикамызда дүниеге жаңа келген «атұстардың» шетінеуі «шайқұярға» қарағанда 3 есе жоғары екенін де көрсетті. Ер-азаматтар нәзік жандыларға қарағанда жүрек-қан тамыры ауруларымен 3 есе, қант диабетімен 6 есе көп сырқаттанады. Соңғы жылдары қуық асты безі обырымен науқастанып, артынан ажал құшқан еркектердің саны сүт безі обырының кесірінен өмірден өткен әйел затымен салыстырғанда екі есеге артқан. Еркек кіндіктілердің нәзік жандыларға қарағанда өмір сүру ұзақтығы да 10 пайызға төмен. 30-45 жастағы азаматтардың 45 пайызы созылмалы қуық асты безімен ауырады. Және ерекше екпін түсіріп тоқталар жайт, еліміздегі азаматтардың 60 пайыздайы белсіздік дертіне шалдыққан. Мамандар мұның бәрін ер адамдардың азаматшаларға қарағанда дәрігерге үш есе аз баратындығымен байланыстырады. Соның нәтижесінде, ауру­ды бастапқы кезеңінде анықтау деңгейі төмен болып отыр. – Сөздің шыны керек, алғашында біз өзіміз де мұндай нәтижені күткен жоқ едік. Жаңағы нәтижені көріп, жағамызды ұстадық. Соған орай, біз еліміздің барлық өңірінде «Ерлер денсаулығы» күнін жүйелі түрде өткізуді қолға алдық. «Ерлер мен олардың репродуктивті денсаулығы» атты бағдарлама жасап, оны ҚР Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелеріне, Парламент депутаттарына таныстырдық. Олар мұны бірден қолдады. Үкімет тарапынан да тиісті шаралар алынбақшы. Бұл дертпен осылайша кешенді түрде күреспесе болмайды. Қазіргі таңда біз еліміздің көптеген қалаларында ерлер денсаулығы орталығын ашып жатырмыз. Көп кешікпей ондай орталық Орал қаласында, облыстық клиникалық аурухана базасында жұмыс істемек. Сол себепті, ер-азаматтар бірінші кезекте осы емдеу орындарына барғаны жөн. Ата-аналар ұлдарын апарулары керек. Ауру белгілері болмаса да, тексеруден өткеннің артықтығы жоқ. Жалпы алғанда, бұл орталықта негізінен ер балалардың, ересектердің репрукторлық жүйелері тексеріледі. Анықталған ауруларға байланысты андроурологиялық бағытта кең көлемде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, емдеу шаралары белгіленеді, – деді таяуда өңірімізде осы мәселеге байланысты өткен жиында Б. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев. Памперстен зиян көп Жоғарыда атап өткен дерт атаулы өздігінен пайда болмасы анық. Сонда қайдан шығады? Жақында бір танысым памперстерде оның құрамына кіретін заттардың тізбесі жазылмайтынына алаңдаушылық білдірген еді. Құрамы белгісіз нәрсені ағзасы әлсіз, терісі жұқа нәрестеге апарып күнімен, түнімен кигізіп қоятынымызға алаңдайды. Артынан белгілі болғандай, бір реттік мұндай жаялықтар үшін оның құрамын жазуды міндеттейтін заң жоқ екен. Ғаламторда осы мәселеге байланысты АҚШ-тың бір басылымы жариялаған мақала (http://www.parentalnotes.com/index) бар. Ресейдің бір отбасылық журналы соны тәржімалап басыпты. Онда сәбидің бүкіл денесінің 30 пайызын қымтап тұратын аталмыш өнімнің құрамы сипатталады. Мақалада келтірілген деректерге сенсек, бір реттік жаялықты дайындау үшін қолданылатын шикізаттардың құрамында химиялық қоспа көп. Олардың арасында целлюлоза, полиэтилен, полипропилен бар. Яғни, бұл да – су өткізбейтін пластиктің бір түрі. Жаялық аппақ қардай болуы үшін ағартқыштар, жағымды иіс шығып тұруы үшін хош иістендіргіштер де қосылады. Сәбидің кіші дәретін қоймалжың затқа айналдыратын памперс адсорбентіндегі түйіршіктер құрамына натрий полиакрилаты да кіретін көрінеді. Бұл химиялық затты медицинада аса сақтықпен қолданады. Себебі, оның уытты шок синдромын туғызу қаупі бар. Соған байланыс­ты оны 1985 жылдан бері тампон өндірісінде пайдалануға тыйым салынған. Ал трибутилен деп аталатын тағы бір химиялық зат жыныс гормондарының бұзылуына ықпал етеді. Сөйтіп, ол сәбиді болашақта белсіздік пен бедеулікке апаруы мүмкін. Педиатрлар кіші дәреттен соң памперстің ішіндегі температура бірден жоғарылайтынын айтады. Соның әсерінен ұл баланың жыныс мүшесінің ұшы мен ен қалтасының табиғи температурасы жоғарылайды. Көп кешікпей зәр сіңіп, температура төмендейді. Осындай қысқа аралықта температураның бір күйден екінші күйге алмасуы аталық бездің дамуын шектейді екен. Нақтырақ айтқанда, табиғи қуаттың жойылуына жол ашады. Аталмыш жаялықтағы температураның ауытқуынан толуол, ксилол, этилбензол, стирол және изопропилбензол сынды химиялық заттар түзіледі. Содан болар, сәбидің дәретіне толы памперстер күл-қоқыстың арасында 200-300 жылға дейін шірімей жатады екен... Ата-анаға «алтын сырға» Орал қаласындағы №3 емхананың уролог-андрологы Әбілтай Көшәлиевтің сөзіне қарағанда, соңғы кездері балаларда гипогонадизм, (аталық бездің дамымай қалуы), монархизм (бір аталық бездің болмауы), анорхизм (жалпы аталық бездің болмауы) секілді ауру-сырқау жиі ұшырасады. Сондай-ақ, крипторхизм дерті (аталық бездің өз орнына түспей қалуы) де белең алуда. Көп жағдайда ата-аналар баласының бойындағы осы ауруларға мән бермейді. Мұндай жағдайда дер кезінде ота жасалып, безді өз орнына түсіру керек. Әйтпесе, бала үш жас­тан асқаннан соң бездер өзгеріске ұшырайды. Ол кейін үлкен дертке ұласуы мүмкін. Ал, үш жасқа дейін ота жасау әлдеқайда жеңіл. Тіпті, без ішкі қуыста қалып қойса да, оны толық емдеу­ге мүмкіндік бар. Көзге көрінбейтін жерде орналасса да, оны іздеп, ісікке айналдырмаудың жолдары жасалады. Буын бекіп, бұғана қатқаннан соң оған ем жүргізу қиындайды. Ұлды сүндеттеу – парыз Пайғамбарымыздың бір хадисі ата-ананың баласының алдындағы міндеттеріне арналған. Соған сәйкес, уақыты келгенде ұл баланы сүндеттеу әке-шешесінің алдындағы парыз екендігі айтылады. Сүндеттеу мұсылмандықтың алғышарты болуымен қатар, тазалыққа бастар жол екендігі де белгілі. Сүндеттелген бала стафилоккок (іріңді микроб), гонорея (жыныстық жіңішке ауруы) микробтарынан  ада  болады. Дәрігерлер белгілі себептермен бала кезде сүндеттелмей қалған ер-азаматтарды да еш қысылмастан емдеу орындарына келіп, сүндеттелуге шақырады. Оның еш әбестігі жоқ. Сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке, жыныстық жұқпалы ауруларға анағұрлым аз шалдығатынын медицина әлдеқашан дәлелдеді. «Борцовка»  киме, бозбала! 13-15 жас аралығы ер балаларда өтпелі кезең саналады. Дәрігерлер бозбаланың жыныстық жетілуі 12-13 жаста күрт жеделдейтінін айтады. Жыныстық жетілу негізінен әр баланың ағзасына байланысты әртүрлі болады. Біреулерінде 16-17 жас­та аяқталып бітсе, екіншілерінде 20-21 жасқа дейін  созылуы  мүмкін. – 12-14 жасқа келгенде ағзада ерлердің жыныс гормоны – тестостерон бөліне бастайды, – дейді Алматы қаласындағы Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының академигі, белгілі эндокринолог Михаил Зельцер бізбен әңгімесінде. – Бұл кезде баланың бойы мен дене бітімі, жыныс мүшесі жылдам өседі. Сондай-ақ, оның бойындағы ұрық та жетіле бастайды. Жалпы алғанда, бұл кезде ағзада шамадан тыс көп ұрық жиналады да, ол өздігінен мезгіл-мезгілімен сыртқа шығады. 14-15 жаста ұлдардың ұйықтап жатып шәуетін жіберіп қоятыны осыдан. Кейде кино көріп отырғанда фильм желісіне елітіп іш киімін «бүлдіріп» алатындар да бар. Бұл – барлық бозбаланың басынан өтетін жағдай. Осындай кезде кейбіреулері «Ауруға  шалдықтым ба?» деп түрлі ойларға кетіп, уайымдап, қобалжып жүреді. Шәуеттің сыртқа шығуы медицинада «поллюция» деп аталады. Ол – табиғи құбылыс. Сондықтан, қобалжудың еш қажеті жоқ. Бозбалаларда варикацеле деген ауру жиі кездеседі. Қарапайым тілмен айтқанда, жыныс мүшесі жұмыртқасындағы тамырдың кеңеюі. Ол көбіне жұмыртқаға, жыныс үрпісіне суық тиюден болады. Сондықтан, ер балалар бойын барынша жылы ұстап, аяғынан суық өткізіп алмағаны абзал. «Борцовка» секілді денеге жабысып тұратын синтетикалық іш киім, джинсы секілді тар шалбарды көп кимегені абзал. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, мұның бәрі қан айналымы қызметін бұзады. Жасөспірімдер мен жастар арасында күн салқында, әсіресе, қыста кроссовка, кеды киюді сән көретіндер де бар. Күннің райына қарамай басын жуып, оны жөнді кептірместен көшеге шығатындарды да көріп жүрміз. Оның бәрі балалардың репродуктивті денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Тағы бір ескерер жайт, ер бала жыныс мүшесі тұсынан ауыр соққы, тепкі алмауға тырысқаны жөн. Өйткені, жыныстық жетілу кезінде алған жарақат өмір бойы өкіндіруі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бозбала ер жеттім екен деп естен айырылмағаны абзал. Рухани кемістіктен сақ бол Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болғандай, еліміздегі жасөспірімдер ерте жастан жыныстық қатынасқа түсе бастайды екен. Төсек әліппесін үйрену үшін бозбалалар көбінесе жеңіл жүрісті қыздарға барады. Ақ халатты абзал жандар ерте жыныстық қатынасқа бару белсіздікке апаратын төте жол екенін айтудан жалығар емес. Ерте қатынас арқылы жыныстық кеселдерді жұқтыру қаупі де зор. Жастар арасында хламидиоз, трихомониаз, гонорея сынды жыныстық аурулар кең етек алуының бір дәлелі осы. Сондай-ақ, ЖҚТБ (СПИД) жыныстық жолмен берілетіндіктен, ақ-қараны айырып, оң мен солын танымай жатып, ерте жыныстық қатынасқа барудан сақтанған жөн. Әлеуметтанушылар ерте жастан жыныстық өмірге араласу отбасы, бала тәрбиесі деген қалыпты түсініктерді сезінуден айыратынын айтып, дабыл қағу-да. Сөйтіп, бүгінгі жеткіншектің санасында отбасылық институттың құндылығы, ертеңгі азаматтардың ақыл-ойында отансүйгіштік қасиет қалыптаспайды. Мұндай рухани кемістік өз кезегінде болашақ өкілдерінің ар-намыс, ұят, адалдық, қызғаныш, қорғаныш дегеннің не екенін білмей өсуіне апарары сөзсіз. Отағасы «күйіп-піспесін» «Шаншар» әзіл-сықақ театрының жетекшісі Уәлибек Әбдірайымов халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған бір әзілінде қыз-келіншектердің еркектермен салыстырғанда денсаулығының жақсы болуының, қарттыққа бой алдырмауының бір себебі оларда «қатындарының» жоқтығынан деп айтқан еді. Соған орай әйелдердің миы тыныш болады. Ешқандай стресс, депрессияға бой алдырмайды. Еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев бұл әзілдің түбінде шындық жатқанына сенімді. «Ер адам бойындағы аурулардың көбі «күйіп-піскеннен» (стрес­тен) болады, – дейді ол. – Отбасының асыраушысы болған соң: «Қалай дәулетті де сәнді өмір сүруге болады?» деп бір уайымдайды, отбасындағы, жұмыстағы, қоғамдағы кейбір жағдайлар да жүйкесіне әсер етуі ғажап емес. Сондықтан, зайыбы отағасын «күйдіріп-пісірмеуге» назар аударғаны жөн. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, өзге өңірлермен салыстырғанда, оңтүстік аймақтың ер-азаматтары урологиялық ауруларға аз шалдығады. Себебі, ол жақтың тұрғындары күннің астында ұзақ уақыт болады. Күннің көп ауруға ем болатынын ескерсек, оның ер адамның ағзасына пайдасы көп. Бала кезден бастап күнге қыздырынуды әдетке айналдырғандар уроандрологиялық патологиядан алыс болады. Сондай-ақ, күн ыстықта, яғни жазда жалаң аяқ жүрудің де пайдасы зор. Жалпы алғанда, еркектер үшін қызықты да жаңалыққа толы өмір салты қажет. Сол себепті, нәзік жандылар, содан соң қоғам еркектердің өмір сапасының жақсаруына мән беруі керек». Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ, журналист. Батыс Қазақстан облысы.