• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Теннис 18 Мамыр, 2023

Еленаның екпіні қатты

278 рет
көрсетілді

Елена Рыбакина Римде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы «Internazionali BNL d’Italia» турнирінде кезекті же­ңісіне қол жеткізіп, өз карьерасында алғаш рет Италиядағы жарыстың жар­тылай финалына шықты.

Рыбакина ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарыстарының үш дүркін чемпионы, дәл осы турнирдің кейінгі екі жылдағы жеңімпазы Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты. Үш сетке жалғасқан тартысты бәсекеде отандасымыз 2:6, 7:6 (7:3), 2:2 есебімен тең түсіп тұрғанда, Швентек жарақатына байланысты кездесуді жалғастырудан бас тартты. Осылайша, отандасымыз алғаш рет Римдегі турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Былтыр ол үшінші кезеңнен әріге аса алмаған еді.

Елена Рыбакина мен Ига Швентек биыл­­дыққа осымен үшінші мәрте кездесіп, үшеуінде де жерлесіміздің мерейі үстем бол­ды. Отандасымыз Швентекті алғаш рет биылғы Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымында, екінші рет Индиан-Уэллс додасының жартылай финалында жең­ген болатын. Римдегі турнирдің финалына шығу үшін ол бүгін латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасады.