Кеше УЕФА Чемпиондар лигасының екінші жартылай финалдық матчының жауапты кездесуі өтіп, «Манчестер Сити» араға екі жыл салып тағы да финалға шықты.
Англияның Манчестер қаласындағы 55 мыңға жуық жанкүйерге арналған «Этихад» стадионында алаң қожайындары Чемпиондар лигасының 14 дүркін жеңімпазы Испанияның «Реал» командасын қабылдап, қарсыластарын 4:0 есебімен тізе бүктірді. Алаң иелері сапынан бірінші таймда Бернарду Силва дубльдің авторы атанса (23 және 37-минуттарда), екінші таймда Эдер Милитао (76-минут) өз қақпасына гол соғып алды. Ал кездесудің нүктесін 91-минутта Хулиан Альварес қойды. Мадридтегі алғашқы матчта 1:1 есебі тіркелген болатын.
Осылайша, турнирдің былтырғы жеңімпаздары биыл жартылай финалда сүрініп, өз атағын қорғай алмады. Сөйтіп, 2022/23 жылғы маусым финалында «Интер» мен «Манчестер Сити» клубтары кездесетін болды. Матч 11 маусым күні Ыстанбұлда өтеді.