• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Хоккей 18 Мамыр, 2023

Олимпиада чемпионына жол берді

281 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Финлян­дияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында өтіп жатқан әлем чемпионатында топтық кезеңнің төртінші тур ойынын өткізіп, тағы да жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр бол­ды. Бұл жолы жерлестеріміз тоғыз дүркін Олимпия ойын­дары­ның чемпионы, 27 мәрте әлем чемпионатында оза шапқан даңқ­ты Канада құрамасымен күш сынасып, 5:1 есебімен жол берді.

Бұл – бірде-бір легионерсіз, тек жергілікті хоккейшілерден құралған Қазақстан ұлттық құрамасының биылғы әлем чемпионатындағы төртінші кездесуі және қатарынан үшінші ойындағы жеңілісі. Мұның алдында біздің жігіттер Чехия құрамасына 5:1, Швейцария хоккейшілеріне 5:0 есебімен есе жіберген болатын. Тек алғашқы турда ғана Норвегия ойын­шыларын буллит сериясында тізе бүк­тіріп (4:3), биылғы дүниежүзілік доданың шағын сенсациясын тіркеген еді.

Алайда кейінгі ойындарда Ғалым Мәм­бе­т­алиев шә­кірт­тері қатарынан екі турда азу­лы қарсыластарынан ірі есеппен жеңілсе де, бас бапкер бұ­рынғыдай мұзайдындағы барлық ойыншыға сенім білдірді. Тек Кана­дамен өткен ойында жаңа қақпашыны сынап көруге бел буып, алғашқы үш турда 13 шайба өткізіп алған Андрей Шу­товтың орнына бірінші минуттан бастап Никита Бояр­кинді шығарды. Дегенмен «Ба­рыстың» қақпашысы бұл матч­та өз қақпасына бес шайба өткізіп алды.

Үйеңкі жапырақтар елінің өкілдері ә дегеннен матчты белсенді бастап, ойындағы ал­ғашқы шабуылын голға айналдырды. Кездесудің 19-секундында Маккензи Уигар алыстан дәл соққы жасап, Бояркинді қа­пы қалдырды. Арада бес минут өткенде Лоусон Крауз екі мәрте мергендік танытып, Канада құрамасына айқын басымдық сыйлады – 3:0. Бірінші кезеңнің 10-минутында Қазақстан құра­масы сапынан қорғаушы Әділ Бекетаев гол соғып, есеп айыр­ма­сын қысқартқан еді, бір­ақ кезең соңына дейін ка­на­далықтар есепті 4:1-ге жет­кіз­ді. Шайбаның авторы – Джо Велено.

Үзілістен кейін біздің хок­кейшілер қорғаныста да, шабуылда да қарсыластарының атақ-даңқынан қаймықпай, сенімді ойнай бастаған-ды. Бірнеше рет қарсылас қақпасының маңайында қауіпті шабуыл ұйымдастырып, канадалық қорғаушыларды біраз әбігерге салды. Бірақ жерлес­теріміз өз дегеніне жете алмады. Үшінші кезеңде Солтүстік Аме­рика құрлығының өкілдері тағы бір шайба соғып, ойынның нүк­тесін қойды – 5:1. Бұл жолы Самуэль Блэйз өз атын таблоға жаздыртты.

Біздің жігіттер әлем чем­пио­­натындағы келесі ойынын бүгін турнир кестесінде бе­­сінші орында тұрған Словакия хок­кей­шілерімен өткізеді.