Адам баласы жақсы ойлап, айналасындағы жандарға жақсы сөз айтып, жақын жандарға жақсылық тілеп жүретіндігі қандай ғанибет. Соның бәрі, түптеп келгенде, әдетіңізге айналады екен. Ал әдетіңіз – тағдырыңыз. Тағдырыңыз – өміріңіз екенін болжамдау, әрине, әркімге де қиындық тудырмасы анық.
Өмірін жақсылық пен ізгілікке арнаған Батырбек Әбдірәсілұлының ұзақ жылдар бойы абырой биігінде атқарған басшылық қызметтердегі ерен еңбегі талайларға үлгі боларлықтай-ақ. Жылдар белесінде, мемлекеттік басқару саласында қаншама игі жақсылармен сыйластықта болғанымыз бар ғой, әрине. Дей тұрғанмен, сыйластығымыз шынайы достыққа ұласқан, тіпті отбасымызбен етене жақын араласып-құраласып дегендей, өзіне ғана тән көркем мінезімен көңілімнің төрінен орын алған Батырбек Әбдірәсілұлының мен үшін жөні де, жолы да, орны да бөлек. Сонау ел егемендігінің елең-алаңында бірнеше жауапты қызметті сәтті атқарған Батырбек Әбдірәсілұлы, кейініректе өзінің кіндік қаны тамған киелі өлке – Талас ауданының әкімі қызметінде болған жылдары біршама биік белестерге жеткендігі көзіқарақты жерлестерінің жадында. Оған бертінде өзім де сол ауданды басқарған жылдары ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің, ел ішіндегі қарапайым жерлестерінің де Батекең туралы жүрекжарды жылы лебіздерін, талай игі бастамаларының сәтті болғанын, ұйымдастырушылық және іскерлік қабілетінің арқасында жерлестерінің лайықты қошеметіне бөленгендігі жайында да сан мәрте естігенім бар. Батырбек Әбдірәсілұлы кейініректе Байзақ және Жуалы аудандарына басшылық еткен жылдары өзіне тән ерекше ұлтжандылығының арқасында игілікті істерге ұйытқы болып, аудан тұрғындарының алғысына бөленді.
Мемлекеттік қызметтегі өзіндік дара жолын сәтті аяқтап, зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін де Батырбек Әбдірәсілұлы Тараз қалалық мәслихатының хатшысы қызметін атқара жүріп, қала көлеміндегі атқарылып жатқан қыруар игілікті істің басы-қасында жүріп, билік пен қала тұрғындарының арасындағы алтын көпірдей көптеген бастамаға қолдау білдіріп, бұл салада да өзінің азаматтық парызына адалдығымен ел сенімін ақтай білді. Сондай сәттерде өзінің өмірлік тәжірибесімен айналасындағыларға ақыл-кеңесін беруден де еш жалыққан емес.
«Туған жерге тағзым» деген киелі сөз қадірін дұрыс бағалай білген Құлекеев әулеті ұрпағының бірі – Батырбек Әбдірәсілұлының бастамасымен сонау бір жылдары өздерінің киелі мекені – Талапты ауылында ағайынды Құлекеевтер атындағы спорт кешенін ашқаны бар. Мұны оның өсіп келе жатқан жаңа жас буын өкілдеріне деген қамқорлығының бір бөлшегі десек болады. Жиырма шақты жылдан бері облыстық деңгейде өткізіліп тұратын дәстүрлі ауыл спорт ойындарының жарысы бүгінде дәстүрге айналғанын облыс жұртшылығы жақсы біледі. Бұл игілікті іске мемлекет және қоғам қайраткері, үшінші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Жақсыбек Әбдірахметұлы мен ішкі істер саласының полковник шеніндегі ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Болат Әбдірәсілұлы бастаған басқа да бауырлары демеушілік жасап келеді.
Жалпы, Құлекеевтер ары алғанда – елімізге, бері алғанда Жамбыл жеріне жақсы танымал, өсіп-өнген, мен үшін өте қымбат әулеттердің бірі, осы Құлекеевтердің қай-қайсысымен де етене жақын араласып келемін. Солардың ішінде біздің Батекеңнің туған елге, ағайын-туысқа, дос-жарандарына, тіпті ұзақ жылдар бойы атқарған мемлекеттік басқару қызметіне де адалдығымен талайлардан дараланып жүретіндігіне сан мәрте тәнті болғаным бар. Оның даладай дарқан көңілі мен баладай періште пейілі сондай сәттерде ақжарқын жүзін одан сайын нұрландырып, өзіне тән адамгершілік асыл қасиеттерімен айналасына шуағын шашып жүретіндей әсер қалдырады-ақ. Сондай даналық, дара қасиеттері Батекеңнің ел алдындағы абыройын асқақтатып, мәртебесінің биіктей түсуіне ықпалын тигізетіні және бар.
Осы ойларымның айғағы іспетті екі жайды ғана есіме алып отырмын. Оның бірі – қызмет бабындағы абырой-беделіне, екіншісі өзінің қарапайым өмірдегі дарқандығы мен жомарттығына байланысты еді. Ел егемендігінің тарихына «таңба» болып қалған өткен жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Батырбек Әбдірәсілұлы қалалық мәслихаттың хатшысы әрі өңірдің абыройлы, танымал тұлғаларының бірі ретінде сол бір алмағайып сәтте ел алдына шығып, жиылғандарды сабыр мен бірлікке, елдік жолында ұлт болып ұйысуға шақыра білгенінің өзі оның қайсарлығын танытса керек. Бұл – Батекеңнің ұзақ жылғы жауапты мемлекеттік қызметтер барысындағы жерлестерге үлгі боларлықтай ерен еңбегінің бір парасы ғана десек те болады.
Өткен жылы Республика күні мерекесіне орай Президент Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталуы – қаншама жылдар барысындағы туған елге адал атқарған еңбегінің өтемі екені анық. Ал енді Батекеңнің күнделікті өмірдегі ұстанымы, кішіпейілдігі мен қонақжайлылығы – өз алдына бөлек әңгіме. «Атың барда жер таны, желіп жүріп, асың барда ел таны, беріп жүріп» дегендей, сыйластыққа келгенде алыс-жақын қашықтықпен санаспайтын, көңіл-пейілі де кең, қолы ашық мәрт жігіттің бірі осы Батырбек. Менің пайымдауымша, оның осындай адамгершілік қасиеттері оның тектілігін аңғартса керек. Сондай сәттерде Батекеңнің ақжарқын көңілі мен қарапайымдылығы, ерекше бауырмалдығы отбасылық ақ дастарқанындағы үлкенді-кішілі мәртебелі меймандардың жанына нұр құйғандай әсер беретіндігін аңғару қиынға соқпайды. Өйткені ол ынтымағы жарасқан алтын шаңырағының ақ дастарқанында болатын әрбір мейманға барынша ілтипат көрсетіп, құрақ ұшып күтетіндігін талай рет аңғарғанымыз бар.
Қазақ халқының біртуар перзенттерінің бірегейі – Қадыр Мырза Әлі ағамыз ілгеріректе «Мен өмір бойы абыройға жұмыс істедім, енді абырой маған жұмыс істеуі керек» деген екен. Осы айтқандайын, Батырбек Әбдірәсілұлы жылдар бойы атқарған адал еңбегінің арқасында ел жұртының лайықты қошеметіне бөленіп жүргендігін барша жерлестері жақсы біледі. Сол себепті де, Батекеңнің жылдар бойы жинаған абыройының енді өзіне жұмыс істейтіндігіне бек сенімдімін.
Болат РЫСМЕНДИЕВ,
қоғам қайраткері
Жамбыл облысы