• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Мамыр, 2023

Денсаулық автобусы ауылдарды аралап жүр

400 рет
көрсетілді

Ауылдық жердегі халықтың медициналық қызметке қолы жете бермейтіні рас. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазір Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының бастамасымен Жаңаарқа ауданына қарасты ауылдардың тұрғындары профилактикалық тексеруден өткізіліп жатыр.

Бұл бастаманың ерекшелігі сол, ауылдағылар денсаулығын тексерту үшін аудан, облыс ор­та­лығына ағылмайды. Керісінше, жылжымалы медициналық кешен ауылдарға барады. Құны 156 млн теңге тұратын медициналық кешен – автобустың ішінде денсаулықты сүзгі­ден өткізуге қажеттінің бәрі бар: дәрігерлер­дің кеңесі, мамандандырылған медицина­лық көмек көрсету, диагностикалық және скрингтік зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін бір­неше кабинет. Хирург, гинеколог, офтальмолог, кардиолог, педиатр, отолоринголог, дантист, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен ЭКГ мейірбикесі, рентген мен УДЗ лаборантына шейін бар кешен осы заманғы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бір емес, бірнеше маманға бірден қаралып, толық­қанды тексерістен өтуге мүмкіндік бар.

– Бұл кешеннің қызметін ауылдағы кез келген тұрғын пайдалана алады. Медициналық сақтандыруы бар ма, жоқ па, бұған қарамайды, бәрі де тегін. Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының Ұлытау облыстық филиа­лының Жаңаарқа аудандық көпбейінді орта­лық ауруханасымен жасаған келісімшарты негізінде осы шараға 40 млн-нан аса қаражат қарастырылған. Бұл жұмыс қыркүйек айына шейін жалғасады,  дейді «Әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру қоры» КеАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры А.Бердібеков.

Жан-жақты ойластыра білсе, кез келген тығырықтан шығатын жол табуға болады екен. Дәрігер толы автобустың қызметі соны көрсетіп отыр.

 

Ұлытау облысы