Елордада Қазақстанның Еңбек Ері, күрестен КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске түсіруге арналған республикалық ашық турнир аяқталды. Аталған жарыста еліміздің барлық аймағынан келген балуандардан бөлек, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Израильдің 20 жасқа дейінгі ең үздік 164 балуаны бозкілемнің шаңын қақты.
Жақсылық Үшкемпіровтің есімі бүгінде тек күрес саласының жанкүйерлеріне ғана емес, бүкіл әлемге белгілі десек артық айтқандық болмас. 69 жыл ғұмыр кешкен абзал азамат тек Жамбыл өңірінде ғана емес, Қазақстанда осы күрес түрінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
Бозбала шағында қазақша күрестің қыр-сырына қаныққан Жақсылық Үшкемпіровтің кейіннен өзін дүние жүзіне танытқан күреске кездейсоқ келгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Семейдегі жоғары оқу орынында оқып жүргенде болашақ Олимпиада чемпионы шаңғы тебуден сынақ тапсыру керек болған. Алайда шаңғы теуіп көрмеген Жақсылық үшін бұл сынақ қиынға соқты. Содан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оған жеңілдік жасап, «Егер өзге студентті белдесуде жеңетін болсаң, сынық қағазыңа қол қойып беремін», дейді. Ауылдың шаңында аунап өскен, мектеп кезінде қазақша күреспен айналысқан Жақсылық Үшкемпіров қарсыласын бұйым құрлы көрмей, «ә» дегеннен алып жығады. Осыдан кейін Жақсылықтың күрестегі жұлдызды сәті жана бастады. 1971 жылы еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанса, 1972 жылы грек-рим күресінен КСРО біріншілігінде бесінші орынға ие болды. Араға бір жыл салып чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізіп, КСРО құрамасының қатарына қабылданды. Әрі қарайғы даңқты отандасымыздың жетістіктері баршаға белгілі.
Биыл қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылған халықаралық турнирге тоқталар болсақ, үш күнге жалғасқан республикалық білекті жас балуандар бәсекесінде жерлестеріміздің арасынан Айбек Айтбеков (55 кг), Олжас Ерғали (77 кг), Ислам Евлоев (82 кг), Нұрасыл Аманалы (87 кг), Нұртас Қыдырбаев (97 кг) және Жохар Узаров (130 кг) өз салмағында чемпион атанды. Сонымен қатар балуандарымыз 5 күміс, 14 қола жүлдені ел қоржынына салды. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте Қазақстан балуандары дара шықты.
Әзербайжан құрамасы сапынан Илкин Гурбанов (60 кг), Канан Абдуллазаде (67 кг, U-20 әлем чемпионы) мен Руслан Нуруллаев (72 кг) өз салмағында үздік шыққан соң жалпы есепте 2-орынға тұрақтады. Үздік үштікті түйіндеген Қырғыз Республикасына жалғыз алтын медальді Жанторо Мирзалиев (63 кг) сыйлады.
«Бұл жарыстың біз үшін орны ерекше. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келе жатқаны қуантады. Келесі жылы бұдан да көп ел қатысуы үшін жылдың басына ауыстыру керек болады. Оны Халықаралық күрес федерациясының күнтізбесін ескере отырып, бекітуіміз қажет. Мысалы, осы жарысқа Өзбекстан құрамасы біраз мықты балуандарын жібере алмады. Себебі онда қазір ел чемпионаты өтіп жатыр. Ал Әзербайжан мен Қырғызстан құрамасы негізгі құраммен келді», деп айтты Қазақстан әйелдер, грек-рим және еркін күрес федерациясының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.
Осы турнирден кейін Астана қаласында Қазақстан мен Әзербайжан құрамасы бірлескен оқу жаттығу-жиынын өткізіп, құрлық чемпионатына дайындыққа кіріседі. Біздің балуандар шілде айының 12-20-сы күндері Иордания астанасы – Амманда сары құрлық бәсекесінде (U-15 пен 20) бақ сынаса, Әзербайжан спортшылары Еуропа чемпионатында жүлдеге таласады. Осы жас санатындағы әлем чемпионаты Польша астанасы Варшавада 14-20 тамыз аралығында болады.