Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы екінші ойынында жеңіске жетті. Сөйтіп, жерлестеріміз келесі жылы да әлемнің ең мықты құрамаларымен бір топта өнер көрсетіп, чемпиондық атаққа тағы бір мәрте таласып көруге ниетті екенін байқатты.
Өткен демалыс күндері Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері әлем чемпионатының топтық кезеңдегі тағы екі ойынын өткізді. Алғаш «Рига Арена» мұз сарайындағы бәсекеде Словакия хоккейшілерін матч соңындағы буллит сериясында сүріндірсе, кейіннен мұзайдын иесі – Латвиядан жеңілді.
Словакиямен өткен кездесудің алғашқы бөлігінде жерлестеріміз бірінші болып шайба өткізіп алғанымен, екінші кезеңінде қарсыластарының қақпасын үш мәрте дәл көздеді. Словакия құрамасы сапынан 14-минутта Патрик Кох мергендік танытса, үзілістен кейін отандық хоккейшілерден Роман Старченко (21-минут), Валерий Орехов (24) және Евгений Рымарев (25) қарсылас қақпасын дәл көздеп, таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді.
Үшінші кезеңде жерлестеріміз қарқынын бәсеңдетіп алды. Соның салдарынан словакиялық хоккейшілер ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, Андрей Шутов қорғаған қақпадан екі мәрте саңылау тауып кетті. 48-минутта Рихард Паник есеп айырмасын қысқартса, 56-минутта Павол Регенда таразы басын теңестірді. Осылайша, кездесудің негізгі кезеңі 3:3 есебімен тең аяқталған соң, ойын овертаймға ұласты. Бірақ қосымша уақытта да жеңімпаз анықталған жоқ. Ал буллитте Қазақстан құрамасының бағы жанып, әлем чемпионатындағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Мұның алдында жерлестеріміз Норвегия хоккейшілерін де дәл осындай есеппен буллитте тізе бүктірген еді.
Алтыншы турға жоспарланған жарыс қожайыны – Латвиямен өткен ойында жерлестеріміз қарсыластарына ірі есеппен жол берді – 7:0. Айдын иелерінен бұл кездесуде Рихард Букартс (16-минутта), Оскарс Батня (18), Мартиньш Дзиеркалс (22), Родриго Аболс (30 және 52-минутта), Микс Индрашис (40) және Каспарс Даугавиньш (50) мергендік танытып, жергілікті жанкүйерлерді шаттыққа бөледі.
Әлем чемпионатының статистикасына көз жүгіртер болсақ, бұл – В тобында тіркелген екінші ірі есеп. Біріншіліктің алғашқы турында Швейцария құрамасы топтың аутсайдері Словения құрамасын дәл осындай есеппен жеңген болатын. Бұл жеңілістен кейін Қазақстан құрамасы біржола әлем чемпионатының плей-офф кезеңінен күдерін үзгенімен, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалуға тырысады.
Жерлестеріміз бүгінге жоспарланған топтық кезеңнің соңғы ойынында әзірге бірде-бір ойында жеңіске жетпеген Словения хоккейшілерімен кездеседі. Егер Словения Словакиядан жеңілсе немесе Қазақстан Словакиямен ойынында жеңіске жетсе, келесі жылы да элиталы кезеңде бақ сынау мүмкіндігін сақтап қалады.