• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Мамыр, 2023

Шымкенттік гимнасшылар жүлдесі

311 рет
көрсетілді

Көркем гимнастикадан елордада ұйымдастырылған VI жазғы спартакиада өз мәресіне жетіп, жүзден жүйрік шыққан ел үздіктері анықталды. Бас шаһарда өткізілген жылдың басты жарысында еліміздің әр өңірінен келген ең үздік 54 гимнаст сынға түсіп, түрлі-түсті жүлделерді сарапқа салды. Сонымен қатар топтық жаттығуда 12 команда өз өнерлерін ортаға салды. Бұл қатарда Елжана Таниева, Эрика Жайлауова, Милана Парфилова сынды халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрама өкілдері де бар.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, шығыршықпен өнер көрсетуде ұлттық құрама көшбасшылары ешкімге дес берген жоқ. Бас жүлдені халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2022 жылғы Азия чемпионы және екі дүркін күміс жүлдегері шымкенттік Ел­­жана Таниева жеңіп алса, тағы бір Шым­кент қаласының өкілі, Әлем кубогі жа­рыстарының жүлдегері Милана Пар­фи­лова күміс жүлдеге ие болса, елордалық Айбота Ертайқызы қола медальге қол жеткізді. Сонымен қатар Елжана Таниева доп жат­тығу бойынша өткен сайыс­та да чемпио­н атанса, Айбота Ертайқызы – екінші, елор­далық Эрика Жайлауова үшінші орын­ға ие болды.

Ұршық пен лента жаттығуында да Елжана Таниеваға тең келер қар­сы­лас табылмады. Күміс жүлде Милана Пар­­филованың, қола медаль Эри­ка Жай­лауованың еншісінде кетті. Көп­сайыста, яғни 4 құралмен өнер көрсетуде әр бағ­дарламада тұрақты нәтиже көр­сеткен Эрика Жайлауова алтыннан алқа тақса (115,450 ұпай), шымкенттік Ми­лана Пар­филова (111,700 ұпай) мен Баян Қой­бақар (102,950 ұпай) үздіктер қата­рынан көрінді. Бұл сайыста финалға 15 гимнаст жолдама алған болатын.

Ал топтар арасындағы және командалық көпсайыста бірдей нәтиже тіркелді. Екі сында да Шымкент қаласының спортшылары өз мықтылықтарын тағы бір мәрте дәлелдесе, одан кейінгі орындарға Астана мен Алматы қаласының ұжымы жайғасты.

Көркем гимнастар сайысының ашылу салтанатында Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары, VI жазғы спартакиаданың бас төрешісі Азамат Имашев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, федерацияның бас хатшысы қатысып, сөз сөйлеген.

«Бұл – елдегі барлық көркем гимнаст үшін жауапты жарыс. Жуырда Порту­галиядағы Әлем кубогі кезеңінде сәтті өнер көрсеткен ұлттық құрама спортшылары да осында сынға түседі. Осы жарыста үздік шыққан спортшылар Филиппинде өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастайды. Ал күзде өздеріңіз білетіндей, осы жылдың басты бәсекесі – Азия ойындары бар. Сол сында гимнастарға зор сенім артамыз», деді Азамат Имашев.

Спартакиаданың қорытындысы бойын­ша Шымкент қаласының гимнастары 7 ал­тын, 5 күміс пен 1 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Кейінгі орынға Астана қаласының (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) спортшылары жай­­­­ғасса, үздік үштікті Алматы қаласы (1 ал­тын, 1 күміс, 2 қола) өкілдері түйіндеді.