• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Мамыр, 2023

Шынболат мұрасының шырақшысы

1023 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың 80-жылда­ры­ның­ ортасында ақын Шынболат Ділде­баевтың «Шындық» тол­ғауы күллі қазақты дүр сілкін­ді­р­ді. Сол толғауға байланысты Қазақ­станның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Адамның денесіне жара шықса, дәрігерлер емдейді. Ал қоғамдағы жараны кімге емдетеміз? Шындықты айту оңай емес. Ол бәрімізге бірдей жаға бермейді. Оны Махамбет, Ақтамберді, мына Шынболат сияқты шыншыл ақындар ғана айта алады...», деген пікірі халық атынан берілген баға іспетті еді.

Айтыс өнері енді ғана қайта жан­дана бастағанда «Жезқазған облы­сының бас ақыны» атанған Шын­болат Ділдебаев сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі еді. Оның мә­де­ниет пен өнерге сіңірген еңбе­гі лайықты бағасын да алды. Оған ­1991 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қыз­мет­ке­рі атағы берілді. Ол Ақтөбе, Қы­зыл­­орда, Сәтбаев қалаларының және Қызылорда облысы Шиелі аудан­ының Құрметті азаматы атанды.

Өкінішке қарай, Ш.Ділдебаев 1998 жылы өмірден озды. Ол не­бәрі 61 жас­­та еді. Әркімнің тағ­дыры әрқалай өріледі емес пе? Шынболат та өмірдің түрлі сынақтарына тап болған жан еді. Әкеден жастай жетім қалды. Жер ортасына жеткенде аяулы жары Әлия өмірден өтті. Араға 4-5 жыл салып, ол 1997 жылдың көктемінде Аралдың ару қызы Гүлсарамен бас қосты. Олар небәрі 1 жыл 7 ай ғана бірге ғұмыр кешті.

«Өлгеннің соңынан өлмек жоқ»­ дейді қазақ. Шәкең қайт­қан­нан соң Гүлсара да өз елі­не­ қайтатын болса, ешкім оны кіна­лай алмас еді. Бірақ... ол Шын­болаттың шаңырағын күзе­тіп, келген жерінен кері қайт­па­ды.­ «Тағдыр менің маңдайыма Шәкең­нің­ ошағының отын сөндірмеуді, соңын­да қалған әдеби мұрасын халық кәдесіне жаратуға бас-көз болуды жазған секілді», деген ойға табан тіреді. Содан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Осы жылдар ішінде Ш.Ділдебаевты мәңгі есте қалдыру, оның шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында көптеген шаруа атқарылды.

Ең алдымен, 2000 жылғы 2 нау­рызда Сәтбаев қаласындағы бұрын­ғы «Байқоңыр» кинотеатры Шын­болат Ділдебаев атындағы Кен­шілер сарайы деп өзгертілді. Қау­лыға сол кездегі Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Сол жылғы Наурызда Сарайдың салтанатты ашылуы болып, республикалық айтыс өткізілді.

2001 жылы Сарайдың ішінен Ш.Ділдебаев мұражайы ашылды.­ Мұнда ақынның кітаптары, қол­жа­з­балары, құжаттары, алған сый-сияпаттары, тұтынған заттары рет-ретімен орнын тапты. Сәт­баев қаласында халықпен кездесу­ ке­зінде Фариза Оңғарсынова «Жаңа ғана мен Шынболаттың мұра­жайында болдым. Шап-ша­ғын­ болғанмен адамды шалқар сезім­­ге бөлейді екен. Біздің әрбір ауыл,­ қаламызда арамыздан шық­қан­­ айтулы азаматтарға осындай құр­­мет көрсетілуі керек. Біз соны еске­ре бермейміз. Мына мұражай – Шынболаттың соңында қалған Гүлсара сынды жоқтаушысы болғанының арқасы деп ойлаймын. Сондықтан көпшіліктің алдында аруақ сыйлаған сіңіліме рахмет айтқым келеді» деп, риза­шы­лығын білдірген еді. «Фариза апай­дың сөзі мен үшін керемет мара­пат болды» деп еске алады Гүлсара Қоңырбайқызы сол бір сәтті.

Ол бұдан соң Шынболат Ділде­баевтың ақындық, жыр­шы­лық, термешілік мектебін ұйым­дастыруды қолға алды. Мақ­сат – қаладағы өлеңге, өнерге, жыр­-термеге ыңғайы бар жас өскін­дерді тауып, олардың та­би­­ғи талантын ұштау болды. Бұл­ жұмысты Шәкеңнің рухани­ іні­ле­рінің бірі, ақын Ғалил Жәні­бе­ков ақы-пұлсыз атқаруға кірісіп кетті.

– Қаланың сол кездегі әкімі Қанат Сұлтанұлы Балмағамбетов шақырып жатыр деген соң бардым. Ол кісі өнерге, мәдениетке жақын адам еді. Амандасқан соң, маған ренішті екенін айтты. Шынын айтқанда, «Не жазып қалдым?» деп қорқып кеттім. Сөйтсем... «Шәкеңнің мектебін ашып жатыр екенсіз, кеше естідім. Жетекшісі жалақы алмайтын көрінеді. Мектеп болғасын компьютер, домбыра, т.т. болу керек. Бұлар да жоқ секілді. Мұны басқа жақтағылар естісе, бетімізге салық етіп басатын болады. Мектеп болғасын бәрі де дұрыс болғаны жөн», деген Қанат Сұлтанұлы мектепті қаржылық жағынан қолдау жөнінде ақылдасуға шақырған екен. Марқұм жатқан жері жайлы болсын, ондай әкімдер қазір сирек қой, – деген Гүлсара Қоңырбайқызы қалада оқушылар айтысы тұрақты түрде өтіп тұрғанын, солардың арасынан кейін елге танымал болған айтыс ақындары шыққанын да айтады.

2007 жылы Шынболат Ділде­баев­тың туғанына 70 жыл толуына орай қалада республикалық айтыс өткізіліп, оның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Егер көзі тірісінде ақынның «Кенші сыры», (1993), «Жылжиды жылдар» (1997) өлеңдер жинағы жарық көрсе, кейін бұлардың қатарына «Тас жарған гүл» және «Шындық» жинақтары қосылды.

Кейінгі жылдары Сәтбаев қала­сын­­да жыл сайын жас айтыс­кер­лер­дің­ Шынболат Ділдебаев атын­дағы респуб­ли­калық айтысын өткізу дәстүрі де қалып­тасты. Қалада Шәкеңнің туған және өмірден өткен күндеріне орай еске алу кештерін өткізу дәстүрге айналды. Осы шаруалардың қай-қайсысы болсын, соның бәріне де қозғау салып, бас­тама көтеріп жүретін, әрине, Гүлсара Қоңыр­байқызы Жиенәлиева. Қаншама атақтылардың соңынан іздеушісі болмауы себепті есімдері атала бермейді, еңбектері халыққа жете қоймайды ғой. Сондықтан да Гүлсараның осы ең­бегін, жарға деген адалдығын білетін жандар оны «Шынболат шайырдың шырақ­шысы», деп бағалайды.

Биылғы мәдениет пен өнер қыз­мет­керлерінің мерекесі Ш.Ділдебаев атын­дағы Кеншілер сарайының бөлім мең­герушісі Гүлсара Қоңырбайқызы Жиен­әлиева үшін ерекше қуаныш сыйлады. Ол – Ұлытау облысы әкімінің сыйлығын иеленді. Бұл – еңбекті бағалау, зор құрмет. Марапат нағыз иесін тапты.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы