Бір күндік акция Алматыда да сәтті өтті. Музейі көп шаһардың тұрғындары бұл мерекені асыға күтеді. Руханияттың баға жетпес байлығын көздің қарашығындай сақтап, өнер мен мәдениеттің шырақшысы міндетін абыройлы атқарып, кәсіби мерекесін бүкілхалықтық айтулы шараға айналдыра білген музей қызметкерлері бұл күні келгендерге есігін ақысыз айқара ашады.
Адам аяғы сиректеу келетін мәдениет мекемесіне қонақтарды тарту мақсатында ойлап табылған жақсы жоба көпшілік сипат алып, дәстүрге айналғалы бай бағдарламасымен қуантып келеді. Биыл да Халықаралық музей күні қарсаңында Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекеттік орталық музей мен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» өкілдері арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
Құрамына 8 музей кіретін «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» өзгеше леппен өткізетін игі дәстүрін жетілдіре отырып, «Тарих. Тұлға. Музей» тақырыбында ауқымды мәдени-көңіл көтеру шарасын ұсынды. «Музейлер Алматы қаласының рухани және мәдени өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады. Біздің мұражайларға келушілер артефактілермен танысып, олардың тарихы мен Алматы қаласының тарихы туралы біліп қана қоймай, түрлі рухани-тарихи және мәдени іс-шараларға қатысып, ой-өрістерін кеңейтеді. Осындай акциялардың бірі «Музей түні» болып табылады»,– деді Алматы қаласы музейлер бірлестігі директорының даму жөніндегі орынбасары Қайрат Тарбаев.
Алматы музейінде «Тірі музей» театрландырылған қойылымы ұйымдастырылды. Ретро стильде ұйымдастырылған шара тамашалай келген мейманды бірден өткен кезеңнің сапар-саяхатына шақырады. Келгендерді қола дәуіріндегі әйел, қазақ батырлары, сондай-ақ Алаш кезеңіндегі басқа да белгілі тарихи тұлғалар қарсы алды.
Іс-шара бағдарламасында С. Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде жәдігерлер жайлы әсерлі әңгіме айтылып, қос классиктің өмірі мен шығармашылығы бойынша танымдық сөзжұмбақ ойыны ұсынылды. Жазушылардың әдеби мұрасымен жақсы таныс қала тұрғындары, студент жастар білімін ортаға салып, зейіні ерек белсенді оқырман сыйлық пен кітап иеленіп жатты. Көпшілікке қаламгердің сценарийі бойынша түсірілген «Амангелді», «Қыз Жібек» көркем фильмдері, жеке өмірін баяндайтын «Классиктің кешіккен махаббаты» атты деректі фильм көрсетілді. «Жаңа ғасыр» жастар театрының актерлері Сәбит пен Ғабит рөлінде ойнады.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде және Мультимедиалы дәстүрлі музыка орталығында дәстүрлі әншілер Мұрат Әбуғазы, Нұржан Жанпейісов, Рамазан Стамғазиев, «Steppe Sons» модерн этно-джаз тобының қатысуымен концерт өтті. Музейдің экспозициялық залдарында келушілерді Қорқыт, Құрманғазы, Ақан сері, тағы басқа кейіпкерлер қарсы алды.
А.Байтұрсынұлы музей үйіндегі басты шара – «Ұлттың ұлы ұстазы» атты тұлғаның 150 жылдығына орай дайындалған ұжымдық жинақтың тұсаукесер рәсімінің жасалып, сыйға тартылуы болды. Түнгі музейді тамашалап келген мектеп оқушылары А.Байтұрсынұлы өлеңдерін мүдірместен жатқа оқып, жиналған жұртты сүйсінтті. Д.Қонаев музейінде, Н.Тілендиевтің мемориалды музейінде де тақырыптық экскурсиялар, танымдық әңгіме, интеллектуалды квест-ойындар ұйымдастырылды.
«Осыдан тура 18 жыл бұрын отандық музей кеңістігінде алғаш рет ерекше ірі оқиға орын алды – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі «Халықаралық Музейлер күні» кәсіби мерекесіне арналған «Музей түні» әлеуметтік маңызы бар акциясын өткізді», – деді өз кезегінде музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон. Орталық музейге келушілер үшін «ХХІ ғасырдың көшбасшылары мен танымал тұлғалары. Бірлескен шығармашылық» көрмесі ресми ашылды. Мұнда кәсіби қылқалам шеберлерінің шығармашылығы таныстырылды. Алуан түрлі тақырыпты қамтыған мереке бағдарламасына сәйкес келген қонақтар мазмұны бай тартымды көрмелерді тамашалаумен болды. Музей қорынан ұсынылған «Ер жігіттің бес қаруы бойында» қару-жарақ көрмесінің ашылуы, Қазақстан суретшілер пленері қатысушыларының «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» жобасы, суретші-дизайнер Айдан Әбдубаитованың «Зерлеу» топтамасының этнокөрсетілімі – биылғы мерекенің басты жаңалығы.
Бұл күні мұражай бағдарламасында интерактивті білім беру бағдарламалары, театрландырылған сабақтар және балаларға арналған экскурсиялар түріндегі көптеген акция бірнеше жобаны қамтыды. «Археолог өмірінен бір күн», инсталляция-квест, «Үш тақырыпқа – үш тарих», «Үш діннің ерекше тарихи мұралары: Тора, Библия, Құран» – музей сабағы, «Жеті қазына», «Қазақтың әшекей бұйымдары», «Ұлы Жібек жолы» – балалар коворкинг орталығындағы шығармашылық сағаттары, «Ұшатын кеме» қойылымы алматылықтар мен қала қонақтарын бір сәтке зеріктіре қоймады.
Жыл сайын өнер туындыларын қызықтап келгендердің қалың шоғырын кең залдарында толассыз қабылдайтын Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ауқымды шарасын аулада ұйымдастырылған сәндік-қолданбалы бұйымдар жәрмеңкесімен қарсы алды. Белгілі суретші Гүлмарал Тәтібаеваның «Great Qamzol» және «Аңыз» тақырыптық тұжырымдамасымен үндесетін инсталляциялары бірден мерекелік көңіл күй сыйлады. «Музей түні – 2023» жобасы аясында киіз басу өнері бойынша шеберлік сабағына тегін қатысуға алдын ала 20 сертификат ұтыс ойыны ойнатылған болатын. Сондай-ақ «Mediker» компаниясымен бірлесіп, әлемдік өнер туындыларының кейіпкерлері негізінде ең жарқын және ерекше костюмге байқау жарияланды. Жеңімпаздар компания атынан бағалы сыйлықтар ұтып алды. Екінті уақытынан бастап түн ауғанша мыңдаған адамды қабылдаған Ә.Қастеев музейіндегі «Емдеу өнер» көрмесі, «100 жауһар» экспозициясы және «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» тұрақты залында тақырыптық экскурсиялар, өрнектеп киіз басу өнері, мүсін фигураларын жасау, сазбалшықтан бұйым жасау шеберлік сағаттары, «Инклюзивті Экоарт-манифест» шеңберіндегі шеберлік сағаты, яғни пластик пакеттерден туынды жасау, көзді байлап, ермексазбен мүсіндер жасау, Сергей Червяковтың пантомиялық театры, Алматы Үнді классикалық би және йога орталығы, пианист Ләззат Әлмұхамбетованың ерекше шығармалары, Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры солистерінің өнері көрермендерді таңырқатпай қоймады.
АЛМАТЫ