• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
Қаржы 22 Мамыр, 2023

Қаржыға адалдық қажет

378 рет
көрсетілді

Мемлекетте ел-жұртпен кеңесіп іс жүргізуді қажет ететін саланың бірі – қаржы саласы. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген дана халқымыз әр істі кеңесіп, келісіп атқарғанда ғана береке болады дейді. Береке – аз табыстың көп пайда әкелуі, іске жарауы деген сөз.

Еліміздің сыртқы табысы көп емес. Экономиканың «Голланд ауруынан» шыға алатын шегі әлі көрінбейді. Сондықтан бар үміт қаржыгерлердің аз ақшаны үнемдеп берекелі жұмыс атқаруына барып тіреледі.

Мемлекет басшысы 2022 жылы 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында: «Біз көрпеге қарай көсілу қажет екенін ұмытпауымыз керек. Бюджет саясатына реформа жасалады. Ақырғы нәтижені дөп басуымыз керек. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет. Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге, бюджетке қатысты тәуекел­дер­ді басқару жүйесін іске қосу керек. Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық… айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет» деп айтты.

Мәселенің жоғарыдан айтылуы жеткі­лік­ті болғанымен, орындаушылық ақсап тұр. Ел қаза­нына құйылатын қаржының басым бөлігі әр азаматтың, әр мекеменің мемлекет міндеттейтін төлемі мен салығынан құралады. Қазанға жиналған қаржының әділ бөлінбеуі, көздеген мақсатқа тиімді және уақтылы жұмсалуы қоғамдағы үлкен мәселенің бірі.

Заң аясында тиісті жұмыстар мүмкін­дігінше орындалып жатыр.

Бірақ жүйенің әр басқару деңгейіндегі қазанның құлағын ұстағандардың кәсіби жұмыс атқаруына салық төлеушілер тарапынан сұрақ көп. Оның ішінде көпшілікті бірінші кезекте, күнкөріс үшін тұтынатын тауарлар неге тоқтаусыз қымбаттай бе­ре­ді, бюджет қаржысын сүліктей сорып ба­ғаны негізсіз өсіріп отырған ортадағы делдалдардың саны неге азаймайды деген мәселелер көп мазалайды.

Мемлекет қаржысын жұмсауды реттей­тін Бюджеттік кодекстің жыртық жерлері көп екені анық. Жыртықты қанша рет жамаса да нәтиже бермейді. Өйткені бюджеттің орындалуы барысында түйткілді мәселелер қатары азаятын емес, жыл сайын қайталана береді. Осындай жыртық жерлерді аңдып отырған жемқорлар кемшіліктерді тиімді пайдаланып отыр.

Әсіресе, басшы кадрлар жиі ауысқан кезде жүйенің әділ шешімдер қабылдау тетіктері үңірейіп қалатыны – бөлек әңгіме. Жаңа басшылық әлі де толық орын­дал­маған, белгіленген межесіне жетпеген қаржылық жобалардың орындалу барысына баға бермей, қорытынды жасамай жаңа жобаларды бастап кетуге бейіл тұрады.

Мұндайда қолданыстағы маңызды қар­жы­ландыру жобаларының қадағалануы тоқтап немесе іске асыру қарқыны төмендеп, нәтижеге қол жеткізілмей мәресіне жету қаупі күшейеді.

Бірізділік үзілген кезде береке жоғалады, қаржыландыру үдерісі тоқтайды, қаржыны күтіп отырған объектілерде де жұмыс іркі­ліп қалады, ал үнсіз бос қалған кеңістікте заңсыз, түсініксіз жағдайлар орын алады.

Нақты отандық тауар өндірушілердің маңдай терімен келген қаржы болмаған соң, шикізат сатып, оңай жолмен келген қаржының елге де билікке де қадірі мен берекесі болмайды. Оңай жолмен келген қаржы оңай шығатын жол іздейді. Шикізатты жаппай экспортқа шығарғанда экономикаға валюта ағыл-тегіл құйылады. Ал нарықтағы баға өсіп, ұлттық валюта нығайып, экономиканың біртіндеп қымбаттай бастауы, оның бәсекеге қабі­ле­ті­нің төмендеуі шенділерді ешқашан ойландырмайды.

Қаржының табыс бөлігі тапшылық жағдайында болған кезде, оның шығыс бөлігін ойланбай ойсырата жұмсау да ақылға сыймайтын жағдай. Ал дағдарысты желеу етіп бекітілген бюджеттен бірінші кезекте қалың көпшіліктің әлеуметтік төлемдерін қысқарту үрдісіне мұндайда заңмен тыйым салу қажет. Керісінше, кәсіби деңгейі жеткілікті Үкімет қашан да табыс көздерін өсіретін тиісті шараларды жүзеге асыруға міндетті.

Тіпті заңды жолмен бөлінген қар­жы­ның өзі уақтылы игерілмей ортада қаңғып жүруі (құқықтық нормалармен шұғыл реттеу үшін икемге көнбеуі, бюрократиялық кедергілерге соқтығуы) кездейсоқ емес. Есеп-шоттарда қаржының тұрақтауының өсім қызығын көруге банктер де мүдделі. Бұл – қаржыгерлердің жоспарлау мен игеру үдерістерінде үнемі жіберіп отыратын үлкен олқылықтары мен қателіктері.

Көп мекемеде белгіленген мақсатқа сәйкес келмесе де заңның реттелмеген жерінен негізсіз өтіп кеткен бюджеттік қаржы үшін құқықтық жауапкершілік қалыптаспаған. Заң нормаларына қайшы келмесе болды, қажет болған жағдайда ақшаны өзге жобаның мақсатына жұмсауға болады деген түсінік мекемелерде бар. Бұл жерде белгіленген тәртіппен құрылған, оған қоғам өкілдері де кіретін, ақылдастар алқасының шешімі қажет екенін айту керек. Қаржының дұрыс жұмсалуын тексерушілердің есебі басшыға баяндалады, ал оның қорытындылары бойынша ақылға қонымсыз шешімдер анықталса, тәртіптік жауапкершілікке тарту керек.

Өкінішке қарай, қаржыландыру барысында ашықтық пен азаматтардың қатысуы сияқты ең басты қағидаттар бюджеттік жүйеде белгіленбеген, сол себепті басқа қағидаттардың да қолданылу мүмкіндіктері шектеулі.

Сонымен, қаржы жұмсалуын реттеуші заңнамаларда жұмысқа қажетті нормалар болмаған жағдайда тек қағидаттарға да сүйеніп береке деген ұғымды басшылыққа алуды да мақсатқа сай деп пайымдауға болады.

Адалдық – жемқорлыққа қарсы вакцина, оның дәнімен қазір кез келген мекемені дерттің алдын алып егуге болар еді. Адалдық – жеке тұлғаның сана-сезіміне, ар-ұжданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат-мүддесін көздейтін, тарихи шындықпен, прогресспен ұштасып жататын іс-әрекеттер.

Бүгінгі күні қаржыны таратуды белгілеу үдерісі жемқорлыққа қарсы тұруға тым әлсіз. Сондықтан да қаржы қазанының құлағын бойында адалдық деген таза ниеті мен бағалы қасиеті бар қаржыгерлерге сеніп тапсыру маңызды. Қаржы бөлінген күннен бастап игерілгенге дейін оны адалдық ұғымы қадағаласа ақшаны мақсаттан тыс жұмсау күрт азаятыны анық.

Қаржыны қалыптастыру мен жұмсау туралы ақпараттың жеткілікті ашық болмауы жүйелі мәселеге жатады және мемлекет қаржысын басқаруда жемқорлық қаупін күшейтеді.

Қаржыны жоспарлау жүйесі мен игеру арасындағы жеткілікті өзара бай­ланыстың болмауы тағы бір үлкен мәсе­ле. Көп жағ­дайда бюджеттік тапсырыс қазанның құла­ғын ұстаушылармен енші­лері бірге бір көгенге байланған адам­дардың ықпалымен артық баға қойылған ұсыныстардың негізінде негізсіз қалып­та­сады.

Қаржыны тиімсіз жоспарлау эконо­микалық шығындарға, мүмкіндіктерді қолдан жіберіп алуға және қаржыны игеру кезінде жымқыру үшін қолайлы бір мәселе ол мемлекеттік қаржыландырудың бизнес-үдерістерін автоматтандырудағы кемшіліктер мен олқылықтарға байланыс­ты.

Мемлекеттік сатып алу үдерісі де қаржы қазанының берекесін кетіріп тұр. Тендерлер жүргізудегі кемшіліктер туралы, бөлінген қаржының нәтижеге қол жеткізбеуі туралы сын пікірлердің қоғамда айтылуы аз емес. Бөлінген қаржы тиімді жұмсалсын десек, тендерді мемлекеттік органның тиісті жауапты құрылымының қызметкерлері тікелей өздері басынан аяғына дейін қатысып ұйымдастырып, тапсырылған жұмыстардың нақты орындалуын өздері бақылағаны дұрыс. Әйтпесе, бағыныстағы мекемеге сеніп тапсырылған тендердің ұйымдастырылуында, қадағалануында, нәтижеге қол жеткізілуінде еш береке болмайды.

2016 жылы Үкімет «Ашық бюджеттер порталы» электронды тұғырнамасын іске қосты. Бұл бюджеттік үдеріске аза­мат­тар­дың қатысуы арқылы бюджет қара­жатын қалыптастыру және бөлу ашық­ты­ғын қамтамасыз етуді жүзеге асырады делінген. Порталдың тұжырымдамасына сенетін болсақ, азаматтардың бюджеттік қаражаттың жұмсалуын қоғамдық бақылау арқылы белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ «Ақпаратқа қол жеткізу» Заңының 17 бабының 3 тармағына сәйкес, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есептерге жария талқылау жүр­гі­зі­ле­ді.

Әйтсе де, жүйеге «Халық қатысатын бюджет» жобасының енгізілуі арқылы тұр­ғын-үй шаруашылықтары 10%-ға де­йін­гі шығындарын тұрғындардың қа­ты­суымен қалыптастыра алады деп кү­ті­луде. Бұл жобаны өңірлерге, аудандар мен ауылдарға дейін енгізу жұмыстары тым баяу жүріп жатыр. Инновациялық ба­ғыт­­тағы бұл жұмыстарды мейлінше жан­­дандыру керек. Ашық бюджеттердің ин­терак­тивтік картасын іске қосу арқылы әр елді мекеннің тұрғындары қаржының әділ бөлінуі мен адал игерілуі бөлігінде ке­ңейтілген ақпаратты қолайлы форматта алатын болады.

Нәтижесінде, әр азамат бюджет қара­жа­­тының қайда және қалай жұмсалып жатқанын нақты көріп ұсыныстар енгізе алады. Егер атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаржының арасында алшақтық болған жағдайда тиісті органдарға (мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке) телефон соғады немесе осы сайтқа хабарлама қалдырады.

Бұл қиялды шындыққа айналдыру үшін бүгінде сең қозғалды. Әкімшілік кедергілер шегінді, әзірленіп жатқан жаңа Бюджеттік кодекстің нормаларымен сәйкестендіріп жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр.

Алдымызда күтіп тұр­ған қаржы сала­сындағы мұндай тү­бе­гейлі серпіліс макро­эко­номикалық көр­сет­кіш­те­ріміздің алға жылжуына серпін береді деп, сондай-ақ ол өз кезегінде жалпы ішкі өнімнің өсуіне әр азаматымыздың орташа табысының икемділігі мен сезімталдығы индексін жақсартады деп үміт артамыз. Тек қаржы қазанымызға береке беріп, қаржыгерлер «адалдық алаңымен» нық басып жүрсе деген игі тілегіміз бар. Әділетті Қазақстанның қаржыгерлері күнделікті жұмысында осы бір береке мен адалдық киелі сөздерінің мазмұнына бас иіп, киелі қызметін әділ атқарса еліміздің болашағы жарқырай түсер еді.

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

техника ғылымдарының кандидаты, доцент