Хат қоржын
...ризашылық білдіреді
Жылы сөзі де жанға шипа
Қай кезде де бас ауырып, балтыры сыздағандарға дер кезінде көмек берілетіні былай тұрсын, ақ халатты абзал жандардың біліктілігі, науқас адамға деген аялы қамқорлығы қажет. Осындай абыройлы міндетті түсінген ұжымның бірі – Атырау қаласындағы №5 қалалық емхана. Мен көп жылдар бойы осы емханаға қаралып жүрген тұрғынмын. Бұл емхана «Кезексіз емхана» жүйесінде жұмыс істейді. Қалаған мезгілімде емхананың электрондық сайты немесе телефон арқылы алдын ала кезекке жазылып, дәрігерлерден ем аламын.
Емханада УЗИ, флюорография аппараттары, тоқпен емдеу бөлмесі жақсы жабдықталған. Күндізгі емдеу бөлмесі де қызмет етеді. Бас дәрігер Күлшара Жұмағалиева бастаған дәрігерлер емделушілерді жылы сөзімен де, шипалы емімен де емдейді. Дәрігерлердің өз міндетін адал атқаруының арқасында емделушілерге қызмет көрсету мәдениеті өзгерді. Шындығын айту керек, біз отбасымызбен осындай үлгілі емханада емделіп, қаралатынымызға ризамыз.
Расында да, халқына мінсіз қызмет көрсетіп отырған емхана ұжымының еңбегін біз бағалап отырсақ, бұл ауызбірлігі жарасқан ұжым мен оның жігерлі де алғыр басшысының тікелей еңбегі. Сондықтан да, біз медицина қызметкерлеріне бұдан былай да халық ризашылығына бөленіп, еңбектерінің жемісін көрулеріне тілектеспіз.
Ақмарал ЖОЛДАСОВА,
қала тұрғыны.
АТЫРАУ.
...сұрау салады
Зейнетақы қорындағы үлесімізді білгіміз келеді
Біздер Жамбыл облысының Меркі, Құлан аудандарында орналасқан бір кездердегі Қырғызстанға қарайтын теміржол бекеттерінде 40 жылдан аса еңбек еттік. Ол кезде бұл жол торабы Фрунзе теміржолының бөлімшесі болатын. Бұл мекемеде еңбек еткен 100-ден аса отбасы Кеңес Одағы тарағаннан кейін де сол орнымызда еңбек етіп, көпшілігіміз қазір құрметті демалыстамыз.
Десек те, қазіргі алып отырған зейнетақымыз мардымсыз. Өйткені, біздің пайымдауымызша, 1993-2005 жылдар аралығындағы зейнетақы қорына қосқан үлесіміз ескерусіз қалған сияқты. Іс-қағаз дайындау барысында көрші Қырғызстанның тиісті орындарында болсақ та өтінішімізге нақты жауап ала алмадық.
Бір ғана мысал, мен өзім осы салада 1959 жылдан 2005 жылға дейін, ал қосағым 40 жыл еңбек етіп демалысқа шыққанмен, қазіргі зейнетақымыз тым аз. Қысқаша баяндай келіп айтарымыз, тиісті орындар осы жағдайымыздың жай-жапсарын анықтап, жөн-жобасын көрсетіп ақыл-кеңес берсе дейміз.
Құрметпен 120 теміржолшының
атынан хат жолдаушы
Жақсылық ШАЙЛАЗИМОВ.
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы,
Жаңатұрмыс ауылы.
...ұсыныс жасайды
Құрметтің жарқын көрінісі болар еді
Мен қарапайым зейнеткермін. Шілде айында Астана күні айрықша аталып, оған қоса, Елбасымыздың туған күні де болып өтті. Президентіміздің халқымыз үшін атқарып жатқан еңбегі ұшан-теңіз десем, артық айтқаным емес. Ол туралы тұшымды пікірлер мен ойлы мақалалар баспасөз беттерінде айтылды да, жазылды да. Осыған байланысты өз басым ұсыныс жасағым келіп отыр. Елбасының халық үшін жасап жатқан еңбегін бағалап, елордадағы орталық алаңға Президентіміздің ескерткішін орнатса деймін.
Болат ОРМАНТАЕВ,
еңбек ардагері.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы,
Максимовка ауылы.
...қауіп етеді
Теріс пиғылға тыйым салынса
Бүгінде жамағаттың жаппай дінге бет бұруын басқа пиғылдағылар пайдаланып қалуға тырысуда. Әсіресе, шеттен келген әртүрлі ағымдағы діни өкілдіктердің өрескел іс-әрекеттері өршіп тұр. Олар әлі де қаншама заңдар қабылдаған мемлекеттік талаптарды толық мойынсынбайтын сыңайлы.
Мәселен, Қостанай өңірінде бұрын болып көрмеген көріністер белең ала бастады. Әйел, қыз-келіншектер киімдерін өзгертіп, үстеріне қазақта мүлде болмаған жат киімдер киіп, бастарына пәрәнжа жамылатын болды. Қазақ қызының бетін тұмшалағаны қай заманда болып еді! Және де кейінгі кездері осы ғұрыпты ұстанған қыздарымыз шетел азаматымен тұрмыс құрып, әйел үстіне әйел болып кете баруды әдетке айналдырды.
Бір біздің өңірде ғана емес, біртіндеп басқа аймақтарда да мысықтабандап бой көрсете бастаған мұндай жат қылықтардың алдын алып, заң-зәкүнмен қоса әр елді мекендегі дуалы ауыз зиялы қауым өкілдеріне сөз беріп, тыйым салмасақ болмас! Теріс пиғылды жат әрекеттерге қашанда тойтарыс беріп, өзіміздің әдет-ғұрпымызды сақтауға тырысайық, ағайын!
Жаманбай УАҚБАЕВ.
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы,
Аманқарағай ауылы.
...қынжылады
Үшемнің жағдайы алаңдатады
Мен Атырау облысы, Исатай ауданы, Исатай ауылының тұрғынымын, зейнеткер болып табыламын. Сіздерге хат жолдап отырған себебім, осы жылдың қаңтар айында келінім Айнұр Жұмашева үшемді өмірге әкеліп, қуанғаннан төбеміз көкке екі елі жетпей қалды. Бұрын да алды 2 сыныпта оқитын 3 немерем бар еді. Айтарым, балам мен келінім осы сәбилерін өсіріп, қатарға қосу үшін қиындықтарға тап болып отыр.
Біріншіден, сәбилер өмірге келмей жатып ана сүтінің дәмін алмады, себебі, дәрігерлер оның жұқпалы ауруы бар деп бірнеше күн еміздірмеді. Соның салдарынан келінімнің сүті қайтып кетті. Тексере келе оның ешбір жұқпалы ауруы болмай шықты. Екіншіден, немерелерім үйге келген соң да дәрігерлік бақылау сирек болды. Әлсіз Жүрсін немерем жансақтау бөліміне жатқызылып, облыстық денсаулық сақтау бөліміне арыздануымыздың арқасында сәбилерге дәрігерлік бақылау жөнделе бастады.
Балам Медет ішкі істер департаментінде, келінім халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет жасайды. Екеуі де Атырау қаласында тұрғын үй алу кезегінде тұрса да, жуықта кезек келмейтін сияқты. Қазіргі уақытта сарай үйде тұрып жатыр. Күтуші алуға үй тар, әрі баламның еңбекақысы жетпейді. Осы жағдайларын айтып облыстық, қалалық құзырлы органдарға балам ауызша да, жазбаша да хабарласқан еді, бірақ қанағаттанарлық жауап ала алмады. Сіздердің газеттеріңіздің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұлға хабарласып едік, «Үшемге кім жанашыр болады?» деген мазмұнды мақаласы шықты. Бұл мақалаға да елең еткен құзырлы органдар болмай отыр.
Әрине, кім-кімде өз ұрпағын өсіруге міндетті. Қолдан келгенше ешкімге алақан жаюға тырыспайды. Біз бір жерлерде үй беріп жатыр, бір жерлерде машина беріп жатыр деген сөздерге еліктеуден аулақпыз. Тек сәбилеріміз аман-есен, дендері сау болып, өсіп-өніп жетіліп кетсе дейміз. Балаларымның қиын жағдайда жүргені жаныма батады. Баспана тарлығы, сәбилерімнің денсаулығы алаңдатады.
Әліп ТАЙТАҚБАЕВ,
зейнеткер.
Атырау облысы,
Исатай ауданы,
Исатай ауылы.