Етекте жаз болғанымен, таулы жердегі қардың көбесі енді ғана сөгілді. Сондықтан да ТЖД қызметкерлері 15 мамырдан бастап Шығыс Қазақстанда сел жүру қаупі барын ескертіп отыр.
Анықталғандай, Катонқарағай, Алтай және Зайсан аудандарында, Риддер қаласында барлығы 13 сел жүрудің қауіпті ошағы бар екен. Қауіп төніп тұрған төңіректегі тауларда ұзын-саны 144 мореналық көл қалыптасқан. Арнайы мамандар жыл сайын қауіпсіздік мақсатында көл бетіндегі мұз ери бастаған сәттен жаз ортасына дейін қадағалап, тексерумен болады.
Сонымен қатар тау беткейлеріндегі сырғыма қауіпті 9 учаске бары анықталды. Әсіресе, күре жолдардың бойындағы беттерден сырғитын шағыл тас әрі-бері ағылған жолаушыларға қауіп төндіреді. Мұның алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаменті «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан аумақтық пайдалану басқармасы филиалымен бірлесіп, сел және сырғыма қаупі бар учаскелерде тұрғындар мен инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары дайындалды. Өзен арналары және сел, сырғыма қауіпті учаскелерде жерүсті және аэровизуалды зерттеу кестесі әзірленді. Мореналық көлдерде батиметриялық жұмыстар атқарылды. Сел қаупі бар учаскелерде 20 ескерту және тыйым салу тақтайшалары орнатылды.
Көшкін сел және сырғыма қаупі бар аудандардың жергілікті атқарушы органдарына, ғимараттары қаупі бар учаскелерде орналасқан кәсіпорын басшыларына, жеке үй иелеріне ескерту парақшалары таратылды.
Айта кетерлігі, сел жағдайына бақылау жүргізу үшін маусымдық 9 гидропост және жыл бойына жеке бір гидропост жұмыс істейтін болады. Мамандардың пікірінше, сел жүру маусымында тау-тасқа шығуды кейінге шегере тұрған абзал.
Шығыс Қазақстан облысы